Таразда Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовтың жүлдесі үшін шахматтан жасөспірімдер арасында турнир өтті.

Облыстық бәсекеде өңір өрендерімен қоса елдің әр түкпірінен келген спортшылар бақ сынады. Жеңімпаздарды халық әртісі жеке құттықтады.

Асанәлі Әшімовтың жүлдесіне арналған шахмат бәсекесі биыл қатарынан 12-рет ұйымдастырылды.

Бұған дейін турнир халық әртісінің туған жері Сарысуда өтетін. Биыл алғаш рет Таразда жалауын көтерді. Еңбек Ерінің өзі жас шахматшылармен бірге ойнап, батасын берді.

Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Еңбек Ері:

- Шахмат деген ойын балаларға керек. Балалардың тез есеюіне, маңызды өмір сүруіне шахматтың рөлі үлкен. Сабақта оқуда спортта алда болуға тырысыңдар балалар.

Турнир 7 мен 13 жас аралығында төрт жас ерекшелігі бойынша өтті. Ақыл-ой бәсекесіне Жамбыл, Түркістан облысы, Шымкент, Ақтөбе, Астанадан қатысушылар келді. Жалпы 220 жеткіншек екі күн бойы өзара мықтыны анықтады.

Әлібек Өтеулиев, облыстық шахмат федерациясының төрағасы:

- Бұл жарыс енді қатысушылар саны бойынша оның престиж статусы бойынша өсті. Өйткені жүлде қоры да 5 есе өсті. Басқа облыстың мықты спортшыларымен сайысып жарысып өзінің спорт шеберлігін көтеру ең басты мақсаты.

Әлириза Шарафиев, турнир жеңімпазы:

- Қиын болды, қарсыластар өте мықты болды. Бірақ бірінші орын алдым. Осы жарысқа Асанәлі Әшімов келгеніне өте қуаныштымын. Маған өте ұнады және қатты мотивация берді.

Байрақты бәсекенің қорытындысы бойынша 50 жас шахматшы марапатталды. Мақтау қағазы мен қаржылай сыйлықтардан бөлек Асанәлі Әшімовтың кітаптары табысталды.

Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә