Бүгін иісі мұсылман Құрбан айт мерекесін атап өтіп жатыр. Бұл күн Ислам дініндегі барша қауым үшін тек құрбандық шалу емес, ішкі жан-дүниені тазарту мен рухани жаңғыруды білдіреді.
Ұлық мерекеде жұрт шынайы ниет танытып, жаратушыға деген сүйіспеншілігін паш етеді. Материалдық мүмкіндігі бар әрі жолаушы емес мұсылманға құрбандық шалу – міндет. Ал шамасы келмеген жандарға мұндай міндет жүктелмейді. Айт күні ауқатты адамдар садақа беріп, қараусыз қалған қарттарға, жетімдер мен көпбалалы үйелменге көңіл бөліп, сауапты іс жасайды. Бұл мереке – ағайын арасын жақындатып, араздасқан адамдарды татуластыратын, кешірім күні.