Бүгін Ыстамбұлда Украина мен Ресей арасындағы келіссөздің екінші кезеңі өтеді.

Жоспар бойынша кездесу жергілікті уақытпен түскі сағат 13:00-де басталуы керек. Бұл Астана уақытымен күндізгі үштің шамасы. Ыстамбұлға Украина делегациясын Қорғаныс министрі Рустем Умеров, ал Ресей жағын Владимир Мединский бастап барған. Сарапшылардың айтуынша, бұл келіссөздер аймақтық қақтығысты ғана емес, тұтас халықаралық жүйенің тепе-теңдігін шешетін күрделі диалог.

Кадир Челик, Анкара дағдарыс және саяси зерттеу орталығының сарапшысы:

- Ресей мен Украина арасындағы соғыс бүгінгі таңда екі елдің ғана емес, бүкіл әлемдік тәртіптің болашағына әсер ететін геосаяси дағдарысқа айналды. Ыстамбұлдағы алғашқы келіссөздерден кейін басталған тұтқындар алмасу — шиеленісті бәсеңдетуге бағытталған алғашқы оң қадам. Алайда соңғы әскери шабуылдар бұл процесті күрделендіріп отыр. Соған қарамастан Түркияның араағайындығы және екі тараптың да диалогқа ашықтығы келіссөздерді жалғастыруға мүмкіндік береді.

Қос тарап бұл жолы бір-біріне талаптары көрсетілген құжат ұсынуға тиіс. Басты мақсат – қарулы қақтығыстарды тоқтату мүмкіндігін қарастыру. Мәскеу меморандум мазмұнын алдын ала ашып айтудан бас тартты. Ал украиналық ақпарат құралдарының дерегінше, Киев әзірлеген құжатта құрлықта, теңізде және әуеде оқ атуды тоқтату мен халықаралық бақылаушылардың қатысуымен мониторинг жүйесін құру қамтылған.