Осылайша бюджет жүктемесін азайту жоспарланып отыр.
Мажарстанның премьер-министрі Петер Мадьяр елдегі саясаткерлер мен депутаттардың, соның ішінде өзінің де жалақысын қысқартатынын мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты «Риа Новости» агенттігіне сілтеме жасап.
«Премьер-министрдің жалақысы, басқа да мемлекеттік қайраткерлердің жалақысы, парламент депутаттарының жалақысы, мэрлердің жалақысы айтарлықтай төмендетіледі», – деді Петер Мадьяр RTL телеарнасына берген сұхбатында.
Оның айтуынша, премьер-министр ретіндегі айлық жалақысы салықты есептемегенде 2,3 миллион форинтті құрайды. Бұл 7,4 мың доллардан асады. Мажарстан парламенті депутатының жалақысын қоса есептегенде жалпы сома 3,8 миллион форинтке жетеді (12,3 мың долларға жуық). Бұрынғы премьер-министр Виктор Орбанның жалақысы бұдан 2 есе көп болғаны белгілі болды.
Депутаттардың жалақысын қысқарту арқылы төрт жыл ішінде үнемделетін қаражат елдің бір жылдық бюджетіне тең болады деп көзделіп отыр. Сонымен қатар, билік депутаттарға берілетін өтемақы жүйесін қайта қарамақ. Бұған дейін парламентарийлер ай сайын тұрғын үй, көлік шығындары мен көмекшілердің жалақысын жабу үшін 7 миллион форинтке дейін қаражат алатын. Жаңа үкімет бұл соманың жоғарғы шегін шамамен 5 миллион форинтке дейін қысқартуды ұсынып отыр.
Мажарстандағы орташа айлық жалақы шамамен 640 мың форинтке тең, бұл шамамен 1630 еуро деген сөз. Елдегі шенділердің айлық табысы орташа еңбекақы деңгейінен айтарлықтай жоғары болған.