Күн — елдің тынысы
Бөлімдер
Қосшы

«Атын атап, түсін түстемеймін»: Жан Мұқанов есірткі қолданатын әншілер туралы айтты

«Атын атап, түсін түстемеймін»: Жан Мұқанов есірткі қолданатын әншілер туралы айтты
фото: instagram

Продюсер Жан Мұқанов қазақстандық шоу-бизнестегі есірткіге тәуелділік мәселесі туралы жазба жариялады. Ол бұл тақырыпты ашық талқылайтын уақыт келгенін айтып, есірткіге тәуелділік бір адамның ғана емес, оның айналасындағы адамдардың да өміріне әсер ететінін мәлімдеді.

Продюсердің сөзінше, ол шоу-бизнес саласында ұзақ уақыттан бері жұмыс істейді және кейінгі уақытта осы ортадағы есірткі мәселесі туралы жиі ойлана бастаған.

«Мен қазір тіпті алкоголь туралы айтып отырған жоқпын. Синтетикалық есірткінің – мефедрон, «кристалл», стимуляторлардың қаншалықты жылдам таралып жатқаны мені әлдеқайда қатты алаңдатады», – деп жазды Мұқанов.

Ол есірткіге тәуелді адамның айналасында тұтас бір жүйе қалыптасатынын айтты. Продюсердің жазуынша, біреу есірткі сатушыны біледі, енді бірі оны жеткізеді, ал кейбір адамдар мәселенің салдарымен күресуге мәжбүр болады.

Жан Мұқанов мұндай тәуелділік салдарынан бір адамның ғана емес, ондаған адамның өміріне зиян келуі мүмкін екенін атап өтті.

Сонымен бірге продюсер нақты адамдардың аты-жөнін атамайтынын мәлімдеді.

«Егер әртістің айналасында үнемі сәтсіздіктер, жоғалып кету, оғаш мінез-құлық, орындалмаған міндеттемелер болса, содан-ақ түсіне беріңіздер», – деді ол.

Мұқанов есірткіге тәуелділікті әртістің жеке мәселесі ретінде ғана қарастыруға болмайды деген пікір білдірді.

«Есірткі – мамандықтың бір бөлігі емес. Таланттың да, табыстың да бір бөлігі емес. Егер оның тәуелділігінен өзгелер зардап шегетін болса, бұл енді «әртістің жеке мәселесі» емес», – деп жазды продюсер.

Жазбасының соңында ол шоу-бизнес өкілдерін бұл мәселеге бейжай қарамауға шақырды. Оның пікірінше, бүгін назар аударылмаған проблема ертең әлдеқайда ауыр салдарға әкелуі мүмкін.

«Индустрия үнсіз қалмауы керек», – деп түйіндеді Жан Мұқанов.

Еске сала кетейік, бұған дейін Жан Мұқанов Төреғали Төреәлімен жұмысын тоқтатқан еді. Продюсер мұндай шешімге әншінің Павлодардағы ипподромның ашылуына келмей, келісілген міндеттемелерін орындамауы себеп болғанын мәлімдеген. Соның салдарынан Төреәлінің жоспарланған концерттері мен гастрольдік сапарлары тоқтатылған.

Оған дейін Төреғали Төреәлі Алматыдағы Орталық стадионда өткен «Қайрат» – «Қызылжар» матчының үзілісінде өнер көрсетіп, әрекеті әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен. Желі қолданушылары әншінің сахнадағы оғаш қимылдарына қарап, оның жағдайына қатысты түрлі болжам айтқан.

Дереккөз: Курсив · Рауан Мутаир