Күн — елдің тынысы
Бөлімдер
Қосшы

Абай Асылхан жеке өміріне қатысты тараған әңгімелерге алғаш рет жауап берді

Абай Асылхан жеке өміріне қатысты тараған әңгімелерге алғаш рет жауап берді
фото: instagram

Актер Абай Асылхан әлеуметтік желіде жеке өміріне қатысты айтылып жүрген әңгімелерге алғаш рет пікір білдірді. Ол кейбір блогерлер мен желі қолданушыларының болжамды нақты дерек ретінде таратып жатқанын сынға алды.

«Мен туралы пікір айтылуына, сынға алынуыма немесе көзқарасыммен келіспеуге қалыпты қараймын. Әркімнің өз пікірі бар және оны білдіруге құқығы бар. Алайда жеке өміріме қатысты жағдайды толық білмей тұрып, болжам жасап, оны нақты дерек ретінде ұсыну – басқа мәселе», – деп жазды ол.

Оның айтуынша, кейінгі уақытта түрлі пабликтер, блогерлер және өзін сарапшы ретінде таныстыратын адамдар жеке өміріне қатысты пікір білдіріп жүр. Алайда кейбір жарияланымдарда оқиғаның мән-жайы біржақты түсіндіріліп, нақты деректер мен болжамдардың арасы ажыратылмаған.

«Жеке өмірім біреудің қаралым жинайтын контенті емес»

Абай Асылхан жеке өміріне қатысты ақпаратты көпшілікке жариялап, талқылауға қарсы екенін жеткізді.

«Жеке өмірім – біреудің қаралым жинауына немесе аудиториясын көбейтуіне арналған контент емес. Адамның қоғамдық қызметі мен жеке өміріне қатысты мәселелерді талқылаудың да өз жауапкершілігі бар», – деді ол.

Сондай-ақ ол әлеуметтік желіде ешкіммен сөз таластыруды, әр пікірге жауап беруді немесе жеке өмірінің егжей-тегжейін жариялауды мақсат етпейтінін айтты.

«Өз ұстанымымды білдірдім. Қалғанын көпшілік алдында талқылауды қажет деп санамаймын», – деп жазды Асылхан.

Заңға жүгінуі мүмкін

Абай Асылхан өзі туралы жарияланған ақпараттың шындыққа сай болуына мән беретінін атап өтті. Егер қандай да бір жарияланым оның құқығына нұқсан келтірсе, мәселені заң аясында қарастыруға дайын екенін жеткізді.

«Мен сыннан қашпаймын. Бірақ жеке өміріме қатысты негізсіз тұжырымдардың факт ретінде ұсынылуын да қалыпты жағдай деп қабылдамаймын», – деді ол.

Мәлімдемесінің соңында Абай Асылхан әр адамның өз пікірін айтуға құқығы бар екенін, алайда жариялаған ақпараты үшін жауапкершілік алуы керектігін еске салды.

View this post on Instagram

A post shared by АБАЙ АСЫЛХАН | МЕНТОР ПО ГОЛОСУ И РЕЧИ (@abay.asylkhan)

Еске сала кетейік, бұған дейін актриса Жанель Мақажан жолдасы Абай Асылханнан бөлек кеткенін айтқан еді.

Дереккөз: Курсив · Рауан Мутаир