Каспий теңізіндегі қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқандар саны 12 адамға жетті. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Әкімдік дерегінше, премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған Үкіметтік комиссия Маңғыстау облысындағы төтенше жағдай болған жерде жұмысын жалғастыруда.
Сондай-ақ соңғы деректер бойынша қайтыс болғандар саны 12-ге жеткен.
"Оқиға орнында жұмылдырылған мемлекеттік органдардың іс-қимылы және іздестіру-құтқару жұмыстары үйлестірілуде. Қазіргі таңда негізгі міндет – орналасқан жері анықталмаған екі әскери қызметшіні іздестіру.
Нақтыланған мәліметке сәйкес, оқу-жаттығу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюіне байланысты 17 адам суға кеткен. Оның 12-сі қаза тауып, үш әскери қызметші құтқарылды. Қалған екі әскери қызметшіні іздестіру жұмыстары жалғасуда", – делінген хабарламада.
Сонымен бірге Қанат Бозымбаев әлі табылмаған әскери қызметшілерді қажетті барлық күштер мен құралдарды тарта отырып, тәулік бойы үздіксіз іздестіруді қамтамасыз етуді тапсырды.
"Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қажетті материалдық және өзге де көмек көрсету тапсырылды.
Уәкілетті органдар оқиғаның барлық мән-жайын анықтау бойынша жұмыс жүргізуде.
Комиссияның жұмысы мен оқиға орнындағы іздестіру-құтқару іс-шаралары жалғасып жатыр", – деп хабарлады өңірлік әкімдіктің баспасөз қызметі.
Маңғыстаудағы әскери қызметшілердің қазасы
Бүгін, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында ҚР Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қайғылы оқиға болды. Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райы күрт нашарлап, желдің күшеюі салдарынан әскери қызметшілерді теңізге алып кеткен.
Қорғаныс министрлігінің алдын ала мәліметінше, теңізге алып кеткен 19 әскери қызметшінің тоғызы қаза тапқан. Үш әскери қызметші құтқарылған, олардың біреуі ауруханаға жатқызылған. Қалғандарын іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Бас прокуратура Ақтау гарнизонындағы оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Сондай-ақ әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеру бойынша үкіметтік комиссия құрылды.
Ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаев Маңғыстау облысында төтенше жағдай болған жерден видео жариялады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты.
Артынша, мемлекет басшысы ертең, 25 қыркүйекті республика бойынша жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Дереккөз: Nur.kz · Айтолқын Адырбай



