Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Іскер аймақ» бизнесті қолдауға арналған бірыңғай бағдарлама қаралып, бекітілді. Бұл бағдарлама шағын және микро бизнесті дамытуға бағытталған кешенді мемлекеттік қолдау жүйесін құрайды. Жиында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Қаржы министрі Мәди Такиев, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП мен Бухгалтерлер одағының өкілдері баяндама жасады.
Кәсіпкерлікті қолдаудың үш бағыты
Бүгінде елімізде 2,2 млн-нан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді, 4 млн-нан астам адам жұмыспен қамтылған. Премьер-министр кәсіпкерлікті дамыту Мемлекет басшысының әрдайым назарында тұрған мәселе екенін, өйткені ол халық табысының маңызды көзі екенін атап өтті.
«Қуатты әрі бәсекеге қабілетті кәсіпкерліктің дамуы – орнықты экономикалық өсудің негізгі факторы. Өздеріңізге мәлім, жуырда Мемлекет басшысы іскерлік белсенділікті ынталандыру үшін жедел түрде шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасын қабылдауды тапсырды. Үкімет шағын және микробизнесті нақты қолдауға, өңірлердің ерекшелігін ескере отырып, өндірісті дамытуға бағытталған кешенді құжатты әзірледі», деп атап өтті О.Бектенов.
Ұлттық экономика министрлігі келтірген деректерге сәйкес, «Іскер аймақ» шағын бизнесті қолдауға арналған бірыңғай бағдарлама ең алдымен ауылдық жерлер мен шағын қалалардағы кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Бағдарламаның басты мақсаты – тез іске асатын, технологиялық жағынан қарапайым, бірақ әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан нақты нәтиже беретін жобаларды қолдау. Бағдарлама аясында ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу, тамақ өнімдерін өндіру, ағаш өңдеу, сондай-ақ қолөнер қызметі сияқты бағыттарға басымдық берілген. Бұл салалар жергілікті жерде жұмыс орындарын құруға, табысты арттыруға әрі өңірлердің экономикалық белсенділігін жандандыруға тікелей әсер етеді.
«Іскер аймақ» бағдарламасын іске асыру негізгі үш бағытта жүргізіледі. Олар – қаржылық қолдау, қаржылық емес қолдау және инфрақұрылымдық шаралар. Яғни кәсіпкерге қаржы беру ғана емес, сонымен қатар кеңес, сүйемелдеу, қажетті жағдай жасау көзделген.
Салық сарсаңға салмайды
Салық органдарының алдында тұрған басты міндет – кәсіпкерді қателігі үшін жазалау емес, керісінше, қателеспеуге алдын ала көмектесу. Жаңа тәсіл аясында салықтық есептілік көлемі 30 пайызға, ал салықтар мен алымдардың саны 20 пайызға қысқарады. Бұл кәсіпкердің есеп тапсыруға кететін уақытын едәуір азайтып, өз ісін дамытуға көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік береді. Салық тексерулері енді тек тәуекелдерге байланысты жүргізіледі. Жоспарлы салық тексерулерінен толық бас тартылды. Микро және шағын бизнес үшін маңызды шешім қабылданып, 2026 жылға дейінгі кезеңде салық тексерулері мен камералдық бақылау алынып тасталады.
Сонымен қатар бұзушылықтардың алдын алуға ерекше назар аударылып отыр. Егер ықтимал заң бұзушылықтар анықталса, кәсіпкерге алдын ала хабар берілетін болады. Бұл бизнеске өз іс әрекетін қаржылық шығынсыз, айыппұлға жеткізбей түзетуге жол ашады.
Инфографиканы жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Жаңа Бюджет кодексі шағын бизнестен түсетін барлық салық түсімін жергілікті әкімдіктердің иелігінде қалдыруды көздейді. Осылайша, әкімдер әрбір кәсіпкердің табысты болуына тікелей мүдделі болады, себебі бұл жергілікті бюджеттің кірісіне әсер етеді. Ал салық төлеуші «Цифрлық бюджет» жүйесі арқылы өзі төлеген салығы аудан көркеюіне қалай жұмсалып жатқанын көре алады.
Жалпы алғанда, бюджеттің кіріс бөлігін жаңа салық және бюджет саясаты есебінен ұлғайту қосымша қаражатты отандық бизнесті дамытуға және қолдауға бағыттауға мүмкіндік береді.
Қаржы министрі Мәди Такиев шағын және микро бизнесті шамадан тыс әкімшілік қысымнан қорғау үшін қолға алынып жатқан өзгерістер туралы баяндады. Министрдің айтуынша, ендігі мақсат – аз ғана берешек үшін кәсіпкерге қатаң шара қолданбау. Оның айтуынша, салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу тәсілдері айтарлықтай қайта қаралып жатыр.
«Қолданылатын шаралар сай болуы үшін және азғантай сома үшін микро және шағын бизнеске қысым жасамау үшін біз салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу тәсілдерін айтарлықтай өзгертіп жатырмыз. Негізгі жаңалық ден қою шаралары басталатын шекті соманың көтерілуі болды. Бұған дейін салық берешегі шамамен 26 мың теңгеден немесе 6 АЕК-тен бастап өндірілсе, әлеуметтік аударымдар бойынша нақты шек мүлде болмаған. Енді салық берешегі бойынша шекті сома 87 мың теңгеге немесе 20 АЕК-ке дейін, ал әлеуметтік төлемдер бойынша 26 мың теңгеге немесе 6 АЕК-ке дейін көтеріліп отыр», деді М.Такиев.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, бұрын әлеуметтік төлемдер бойынша шек болмағандықтан, өндіріп алу шараларына көбіне шағын бизнес тап болатын. Қазіргі таңда борышкерлердің шамамен 72 пайызы 6 АЕК-ке дейінгі қарызы бар кәсіпкерлер екені айтылды.
Жаңа тәртіп бойынша енді талаптар нақты әрі түсінікті болып бөлінеді. Егер берешек 87 мың теңгеге немесе 20 АЕК-ке дейін болса, кәсіпкерге тек хабарлама жіберіліп, өсімпұл есептеледі, басқа шаралар қолданылмайды. 87 мыңнан 195 мың теңгеге дейін немесе 20-дан 45 АЕК-ке дейінгі берешек кезінде де алдымен хабарлама жіберіледі. Қарыз өтелмесе, борыш сомасы көлемінде шығыс операциялары тоқтатылып, содан кейін ғана инкассалық өкімдер берілуі мүмкін. Ал берешек 195 мың теңгеден немесе 45 АЕК-тен асқан жағдайда қатаң шаралар іске қосылады. Мүлік тізімге алынып, сатылуы мүмкін, сондай-ақ өндіріп алу дебиторлар есебінен жүргізіледі.
Сонымен қатар Үкімет отырысында микро және шағын бизнесті қолдауға қатысты тағы бір маңызды тетік айтылды. Жаңа Салық кодексінде 1,5 мың АЕК-ке дейін, яғни шамамен 6,5 млн теңгеге дейін берешегі бар салық төлеушілер үшін берешекті 1 жылға дейінгі мерзімге кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу мүмкіндігі қарастырылып отыр. Бұл ретте кәсіпкерден мүлікті кепілге қою да, банктік кепілдік әкелу де талап етілмейді.
Министрдің айтуынша, бұл шешім бюрократияны азайтады. Кепілді бағалау мен сақтандыру қажеттілігі жойылады, ал бөліп төлеуді рәсімдеу уақыты едәуір қысқарады. Бір деңгейдегі мониторингке қатысушылар үшін бөліп төлеу 12 айға дейін кепілсіз және кепілдіксіз беріледі.
Нақты тапсырмалар берілді
Бағдарламаны тиімді іске асыру мақсатында Премьер-министр О.Бектенов бірқатар нақты тапсырма берді. Бірінші кезекте Қаржы министрлігі «Іскер аймақ» бағдарламасын қаржыландыруға тиіс. Өңір әкімдіктеріне аймақтардың ерекшелігін ескере отырып, қысқа мерзім ішінде басым салалардың тізбесін қалыптастыру тапсырылды. Бұл тізбе бірінші деңгейдегі субсидияларды бөлуге негіз болады. Сонымен бірге шағын бизнестің өндірістік инфрақұрылымға қолжетімділігін арттыру, өндірістік ғимараттарды жеңілдікпен жалға алу мүмкіндігін жасау маңызды екені айтылды.
Екінші тапсырма өңдеуші сектордың ішкі жалпы өнімдегі үлесін арттыруға бағытталды. Ол үшін кәсіпорындардың өндірістік қуатын ұлғайтып, жаңғырту жұмыстарын ынталандыру қажет. Осыған байланысты Өнеркәсіп министрлігіне келесі жылдың қаңтар айынан бастап өңдеу өнеркәсібінде өндірістік қуаттарды жаңғыртуға арналған лизингтік қаржыландыруды іске қосу тапсырылды. Шағын және микро бизнес кепілдіксіз 300 млн теңгеге дейін өз өндірісін жаңғырта алады.
Үшінші мәселе оңайлатылған декларация режімін қолданатын жеткізушілермен жұмыс істеу кезінде шығыстарды шегеруге тыйым салуға қатысты болды. Бұл шамамен 400 мың шағын және микро бизнес өкілінің мүддесіне әсер етеді. Осы санаттағы кәсіпкерлер өз кәсібінің болашағына алаңдамауға тиіс екені аталып өтті. Қаржы министрлігі салықтық әкімшілендірудің сервистік моделін енгізіп, түсіндіру жұмыстарын күшейту арқылы кәсіпкерлерді қолдауы қажет. Сонымен қатар Ұлттық банкпен бірлесіп, шағын бизнес үшін салық есептілігін автоматты түрде толтыруды жедел қамтамасыз ету тапсырылды.
Төртінші тапсырма Мемлекет басшысының бастамасымен салықтық әкімшілендіруді «Таза парақтан» жүргізуге қатысты болды. Бұл өзгерістер барлық микро және шағын бизнес субъектілеріне оң әсер етеді. Осыған байланысты нормативтік құқықтық актілерді қабылдау және ақпараттық жүйелердің дайындығын қамтамасыз ету бойынша барлық ұйымдастыру шараларын жедел жүргізу тапсырылды.
Бесінші бағыт шағын және моноқалалардағы, сондай-ақ ауылдық жерлердегі кәсіпкерлерді қолдауға арналды. Шағын бизнеске айналым қаражатын толықтыруға әрі борыш жүктемесін азайтуға мүмкіндік беріледі. Банк несиесі бойынша номиналды мөлшерлеменің шамамен 9 пайызы субсидияланады. Бұл ретте екінші деңгейлі банктердің ағымдағы мөлшерлемесі 22 пайыз, ал субсидияланатын бөлігі 8, 8 пайызды құрайды.
Бағдарламаның орындалуын үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі С.Жұманғаринге жүктелді.