Қарашада елімізде жылдық инфляция 12,4% болды. Жылдық инфляция 11 өңірде баяулады, 5 өңірде жеделдеп, 4 өңірде бұрынғы деңгейде қалды.
Ұлттық банктің мәліметіне сүйенсек, қарашада азық-түлік тауарларының бағасы жылдық мәнде 13,4%-ды құрады (қазанда – 13,5%). Халық көп тұтынатын тауарлардың бағасы Ұлытау облысында ең жоғары көрсеткішке ие (17,1%) болса, Алматы қаласында ең төменгі (11,2%) деңгейде қалды.
Жалпы, елімізде инфляцияны ырықтандыру бағытында бірталай жұмыс қолға алынған. Мемлекет экономиканы қолмен басқаруға қайтып оралмаса да оның жаңа жағдайларға бейімделуіне мүмкіндік беріп, бағаның ауытқуын уақытша шектеді. Айталық, қазан айында инфляцияның 12,6%-ға дейін бәсеңдеуі Үкіметтің қоғам мен бизнеске бағытталған экономикалық шешімдерінің алғашқы елеулі нәтижесі болды. Тұрақтандыруда тарифтік және отын сегментіндегі шаралар, салықтық рақымшылық және ішкі сұранысты қолдау шешуші рөл атқарды.
Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің айтуынша, енді инфляцияны бақылауды уыстан шығармауымыз керек. Ол үшін сапалық өсімге назар аударған жөн. Жыл соңына дейін қазіргі өсім деңгейін сақтап қалу оңайға соқпайды. Мемлекет басшысы атап өткендей, тұтынушылық несиелеуді тұрақтандыру бойынша батыл шаралар қабылдау қажет. Банктер мен кредиттік ұйымдар, сауда нүктелері тауар бағасындағы бөліп-бөліп төлеудің құнын, несиелендіру кезіндегі артық төлемдердің бәрін толық ашуы қажет.
Бұл ретте саясаттанушы бір мезгілде экономикалық өсуді қолдауға, инфляцияның салдарымен күресуге мүмкіндік беретін негізгі құрал индустриялық даму екенін атап көрсетті. Себебі бағаларға тыйым салу арқылы инфляцияға қарсы күрес – инфляцияның төмендеуіне емес, кәсіпорындардың банкроттығына, тауарлар тапшылығына алып келуі мүмкін. «Өндірістерді дамыту басты ұлттық жобаға айналуға тиіс. Министрлер кабинеті бұл жолдағы кез келген кедергіні әкімшілік емес, нарықтық тетікпен еңсеруі қажет. Сол кезде ғана проблема әлдеқайда аз болады», дейді сарапшы.
Бұған дейін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18%-ға дейін көтерді, Үкімет тарифтерді шұғыл түрде тоқтатып, бағаларды бақылауды қайта қалпына келтірді. «Теңгенің құны арзан болса, импорт соғұрлым қымбат болады. Қазiргi уақытта бағаның өсуiне халықтың нақты табысының одан әрi құлдырауы, сауда әрiптестерi елдерiндегi инфляцияның бәсеңдеуi ғана кедергi келтiруi мүмкiн. Басқаша айтқанда, дамыған елдердің инфляция деңгейіне қол жеткізу әзірге орындалмайтын арман болып көрінеді. Ол үшін отандық экономиканың барлық секторында тиімділікті арттыруға шығындарды азайтуға бағытталған шараларды қолға алу керек», дейді қаржыгер Расул Рысмамбетов.
Сарапшылардың айтуынша, жыл аяғына дейін валюта нарығында құбылмалылық сақталады. Мұны болжауға бағынбайтын девальвацияға бейімділік деп бағалауға болады. Теңгенiң әлсiреуi халықтың тұрмыс деңгейiне терiс әсер етедi. Өйткенi долларға немесе басқа валюталарға қайта есептегенде азаматтардың жалақысы, зейнетақысы, басқа да теңгелiк кiрiстерi құнсызданады. Теңгенің құнсыздануы тұтыну бағасының динамикасына қысым көрсетті. Мұның теріс әсері әлі де байқалып қалады. «Осы жылы Ұлттық банк, Үкімет, сарапшылар жылдық инфляцияны 8-10%-бен жабамыз деп үміттеніп отыр. Ол үшін инфляциямен күресудің басқа жолдарын қарастыру қажет. Бұл бағытта жалпылама емес, өткен кезеңдегі көрсеткіштердің айырмасына ғана назар аударсақ, күрес жүйелі түрде жүреді», дейді Р.Рысмамбетов.
АЛМАТЫ