Мәскеу облысындағы мектепте қаза тапты делінген оқушының денесі Тәжікстанға жеткізіліп, туған-туыстары мен жерлестері оны соңғы сапарға шығарып салды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Марқұм бала әкесінің жанына жерленген.

Мәскеу облысының балалар құқықтары жөніндегі комиссары Ксения Мишонова баланың мәйіті Мәскеуден Тәжікстанға жеткізілгенін растады. Оның айтуынша, Одинцовода болған қайғылы оқиға әлі де қоғамды есеңгіретіп отыр.

«Бұл жантүршігерлік жағдайды әлі толық қабылдай алмадық. Ауыр болса да, қайта ой елегінен өткізіп, қорытынды жасау қажет. Бала әкесінің қасына жерленеді. Ол өліммен бетпе-бет келіп, қорықпай шынайы жауап бергендей ерлікпен қаза тапты. Марқұмның нағашысы осы қиын сәтте көңіл айтып, қолдау көрсеткен және отбасыға көмектескен барша жанға алғысын жеткізуді өтінді», – деп жазды Ксения Мишонова.

«Осторожно, Новости!» дерегінше, Одинцоводағы мектепте қаза болған 10 жастағы бала Тәжікстанның Шахринав ауданындағы зиратта жерленген. Жаназа намазын Тәжікстан мүфтиі Саидмукаррам Абдулкодирзода оқыған.

Баланың жақындары Ресейдегі Тәжікстан елшілігі мәйітті елге жеткізу мен жерлеу рәсімін ұйымдастыруға қолдау көрсеткенін айтты. Сондай-ақ Ресейдің мұсылман аймақтарының өкілдері марқұмның анасына қаржылай көмек көрсеткен. Қайтыс болған бала оқыған Успен мектебіндегі оқушылардың ата-аналары да ақша жинаған.

Айта кетейік, 16 желтоқсанда Мәскеу маңындағы Одинцово қалалық округіне қарасты Успен мектебінде оқушыларға шабуыл жасалғаны туралы ақпарат тараған еді. Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті – жасөспірім. Ол мектеп күзетшісі мен оқушыға пышақ жарақатын салған. Өкінішке қарай, оқушы алған жарақатынан көз жұмды.