Біздің елге де емделу үшін келетін туристер қатары артып жатыр. Былтыр әлемнің 45 елінен 80 мың емделуші келді. Бұл туралы Қазақстандағы медициналық туризм қауымдастығының президенті Кристина Кривец мәлімдеді.

Елде онға жуық клиника халықаралық аккредиттеуден өтіп, шетелдік науқастарға сапалы қызмет көрсетіп келеді.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Елде ем алатын шетелдік науқастардың басым бөлігі ТМД аумағынан. Дені Ресейден келеді. Олар әдетте тісін емдетеді. Жүрек пен буындарына операция жасатады. Операция демекші, өзбекстандық науқастар да қазақстандық хирургтардың көмегіне жүгінеді. Себебі біздегі медициналық қызмет сапасы жоғары, құны өзге нарықтан арзанырақ.

***

Медициналық туризм қауымдастығының президенті Кристина Кривец Қырғызстан мен Тәжікстаннан келетін науқастардың да көбейіп жатқанын айтады. Өйткені оларда жоқ қызмет пен заманауи жабдықтар бізде бар. Білікті дәрігерлер білімін шет елдерде жетілдіреді. Сондықтан болар, Қытай, Германия, Австрия сияқты елдерден келетін науқастар қатары жыл сайын артып жатыр. Оларға нейрохирургия, кардиохирургия, репродукті медицина, ортопедия және стоматология бойынша ем-дом көрсетіледі. Оның үстіне елде енді кератопластика, яғни, көздің мөлдір қабығын транспланттау мүмкіндігі туды. Ал әлемде жыл сайын 180 мың операция жасалады. Демек, біздің көз дәрігерлері де жаһандық нарыққа қызмет көрсетеді деген сөз. Қазір елімізде көздің мөлдір қабығын транспланттауға 2500 адам мұқтаж.

Медициналық туристер:

ТМД елдерінен 90%

Қиыр шетелден 10%

Кристина Кривец, Медициналық туризм қауымдастығының президенті:

- Отандық дәрігерлеріміз шетелдік науқастармен бұрыннан жұмыс істеп келеді. Әлеуетіміз әлі де бар. Медициналық туризм Астана мен Алматыда қарқынды дамып жатыр. Тоғыз клиникамыз Joint Commission International халықаралық аккредиттеуден өтті. Бұл біздегі медициналық қызметтердің жоғары деңгейін көрсетеді.

Кристина Кривец медициналық туризмнің дамуына медицинадағы жетістіктер ғана әсер етпейтінін айтады. Елде туризмнің бұл түрін реттейтін арнайы заң нормалары жоқ. Сондай-ақ халықаралық әуе рейстерінің аздығы жедел көмекке мұқтаж науқастардың қатынауына кедергі келтіреді. Шет тілін меңгерген дәрігерлерді көбейту керек. Бірақ кейде клиникалардың өзі де халықаралық нарыққа шығуға белсенділік таныта бермейді екен. Әсіресе мемлекеттік емдеу мекемелері медициналық агенттерге комиссия төлеуден қашқақтайды. Десе де, мамандар әлемнің дамыған елдерінде медициналық туризм экономиканың маңызды бөлігі екенін айтады. Бұған Оңтүстік Корея, Түркия, Израиль, Жапония тәжірибесі дәлел. Қазір еліміз ТМД аумағындағы үздіктер көшін бастауға ниетті. «Бұған әлеуетіміз жеткілікті», - дейді мамандар.

***

Туризм саласына инвестиция артты

Әйтсе де, елде туризм саласына салынған инвестициялар көлемі 947 млрд теңгеден асты. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 20% көп. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы туристік сала комитетінің төрайымы Юлия Якупбаеваның айтуынша, инфрақұрылым жайы әлі де өзекті. Осы орайда нарық пен инвесторларға дұрыс бағыт пен нақты талдау ұсыну қажет. Сарапшы елдегі демалыс ақысына көп шағым түсетінін атап өтті. Дегенмен, біздегі климат пен маусымға қарай жобалардың өзін-өзі ақтау мерзімі ұзаққа созылатынын ескертті. «Сондықтан қолайлы қаржыландыру көздері өте қажет», - деді. Бұл демалыс бағасына да әсер етеді.

Юлия Якупбаева, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туристік сала комитетінің төрайымы:

- Туризм индустриясының өсуі үшін бренд құру маңызды. Бұған жыл сайынғы ірі халықаралық іс-шараларды өткізу дағдысы әсер етеді. Әрбір аймақ осындай іс-шаралар күнтізбесін жасау керек. Туристік әлеуетті ашу үшін қолжетімді қаржыландыру және туристік өнімдерді жеделдету арқылы инновациялық және мақсатты маркетингтік стратегиялар қажет. Одан бөлек, туристерге қызмет көрсету сапасын, жайлылық пен қауіпсіздікті арттыру бойынша жұмыс істеу керек. Бұл елімізге келетіндерге жағымды әсер қалдырады және қайтадан оралуға ынталандырады.