Бауыржан Серікұлы – білім саласының халықаралық сарапшысы, Tamos Education мектебінің бас директоры. Бұл – Қазақстанда ғана емес, жалпы ТМД бойынша ең үлкен жекеменшік мектеп. Мектеп көбейген уақытта оқу ақысы бірнеше миллион құрайтын бұл білім ордаларының ерекшелігі неде деген сұраққа жауап іздеп көрейік .
-Бауыржан мырза, жекеменшік мектептің кәдімгі мектептен басты айырмашылығы неде? Не үшін ата-ана білім алу үшін сонша ақша құюы керек?
Қазақстанда 800-ден астам жекеменшік мектеп бар. Мына мектеп мықты, мынауы әлсіз деп атын атап, түсін түстеп айта алмаймын. Жекеменшік, мемлекеттік мектеп болсын, екі жақта да сын көтермейтін және мақтауға тұрарлық мектептер бар. Жалпы білім ордалары көбейіп, бәсекелестік көбейгеннің арқасында мықты мектептер одан сайын шыңдалып, мықты болып жатыр. Жалпылама сөйлесек, Қазақстанның мектептері халықаралық стандартқа жақындап келді. Жекеменшік секторда жүрген ата-аналар 10-15 жыл бұрын IB, Cambridge A Levels деген не, оның мемлекеттік стандарттан айырмашылығын түсінбейтін. Ал қазір осы бәсекелестіктің арқасында әке-шешенің білім саласы бойынша сауаты артқан.
-Tamos-та төрт балаға оқу гранты берілмекші яғни сонша бала тегін оқу мүмкіндігіне ие болады. Бұл рас қой, иә?
Біз жаңа бағыт – Tamos High School ашып жатырмыз. Бес сабақты якиматематика, физика, химия, биология, информатиканы екі тілде қазақша және ағылшынша оқытпақшымыз. Ол жақта оқу қолжетімді болмақ. Онымен қоймай ол бағыт бойынша грант ұсынбақшымыз. Алайда нақты грант санын айта алмаймын. Себебі ол келетін бала санына, сапасына, тапсыратын тест нәтижесіне тікелей байланысты.
-Грант ұтып алып тегін оқитын балалар Tamos-та оқитын басқа балалар алдында өздерін кем сезінбей ме? Немесе оқу үшін ақша төлейтін балалар тарапынан қысымға ұшырамай ма? Болуы мүмкін буллингтің алдын қалай аласыздар?
Кез келген оқушы жаңа сыныпқа келгенде әлеуметтік тұрғыда өз орнын табуы қажет. Ол әрдайым лидер болады деп айта алмаймын. Табиғи тұрғыда қарайтын болсақ, лидер әрдайым біреу. Ары кетсе екеу болуы мүмкін. Жалпы, белгілі бір уақытта оқушы ұжымға яғни сыныбына сіңісіп кетуі керек. Ал 2-3 жылда өзі-ақ оның мүшесі айналып кетеді. Сондықтан буллинг болады деп айта алмаймын.
-Кәдімгі мектепте буллинг азырақ, жекеменшік секторында буллинг көбірек дегендей статистика бар ма? Әлде буллинг деген мәселе мектеп түріне, типіне байланысты емес пе?
Буллинг деген ағылшын тілінен келген сөз ғой. Ол кез келген мектепте бар және ол қазіргі заманның мәселесі емес. Сіз бен біз мектепте оқығанда да буллинг болған. Тек оны буллинг деп ешкім атамады. Мектеп әкімшілігі, ата-ана болсын іште болып жатқан оқиғалардан бейхабартын. Ол уақытта таратып жіберетін әлеуметтік желілер де, түсіріп алатын видеокамералар да жоқ еді. Сондықтан бұл мәселе әрдайым болды деп айта аламыз.
-Тура Tamos-тың жанынан өтіп бара жатқан кезде таксист «Мына мектепте кілең байлардың еріккен балалары оқиды» деп айтып қалды. Байқағанымдай осы жекеменшік мектепте оқитын балаларға деген қоғамның таптаурынды көзқарасы бар. Айтыңызшы, осындай мектепке баласын оқыта алатын ата-аналар кімдер? Бәрі кілең кәсіпкер, саудагерме? Әнші, блогер ме?
Tamos-тың жылына төлейтін бағасына қарайтын болсақ, Алматы бойынша біз 11 орындамыз. Яғни бізден қымбат білім ошақтары өте көп. Сондықтан Алматының ең бай адамдары балаларын бізде оқытады деп айта алмаймын. Екіншіден, ата-аналардың көбі бизнес, сауда саласынан екенін айтып өту керек. Мен 12 жыл Назарбаев мектептерінде жұмыс істедім. Бір күні мектептен кештеу шыққанмын. Жаныма бір көлік келіп, жол сұрасты. Мен көрсетіп көмектесіп жіберу үшін машинаға мінгестім. Жолай мектептің жанынан өттік. «Ой, мына мектепте аға-көкелердің балалары оқиды» деп айтпасы бар ма?! Кәдімгідей ызама тиіп кетті. 12 жыл істеп келе жатқан мектебім ғой. Бірден балалар конкурспен түсетінін, мұнда сантехник, электриктің де, дәрігер, мұғалімнің де баласы да оқып жатқанын айтып түсіндірдім.
Tamos-та, әрине, жағдайы бар ата-ана оқытатыны рас. Бірақ біз соңғы үш жылда құндылықтарды ауыстырып жатырмыз. Мысалы, мектеп формасына келгенде талапшылмыз. «Бренд кимеңдер» деп апталап айтып жүргенде Prada аяқ-киімін киген баланы байқап қалдым. Жаныма шақырып алып сөйлестім. Ол «Неге бренд киюге болмайды? Бұл – менің таңдауым» деп таңданысын жасырмады. Оған мұндай қымбат брендтен киіну басқа балаларға кері әсерін тигізетінін, өзін кем сезіну, салыстыру, қызғану басталатынын түсіндірдім. 2-3 күннен кейін әлгі бала кабинетіме жүгіріп келді. Аяқ-киімін көрсетіп мәз. Prada-ның орнына басқа қарапайым аяқ-киім киіп алыпты.
-Бала саналы болып тұрғаны ғой. Ал егер ол бала айтқаныңызға иланбай, барып әке-шешесіне шағынданса ше? Ол кезде мәселе қалай шешілер еді?
Бұл – мектептің талабы. Мұның бәрі мектептің бұйрығында жазулы. Директор өз жұмысына кіріскенде талап-тілектері бар бұйрық жазып шығарады. Бұрын балалар «Пәленше түгенше бренд киіп алыпты» деп жарысса, қазір бәрі басқаша. Жалпы мықты бала деген түсінік өзгерді. Қазір оқуы жақсы, IELTS-ы жоғары, олимпиададан орын алған, спортта нәтижелері бар, мықты университеттерден шақыру алған бала – ол мықты бала. Бізде қандай баланың қай оқу орнына түскені жазылған стенд тұр. Соған қараған әр бала «ертең мен жайлы қандай ақпарат жазулы тұрады» деп ойланады.
Қазіргі ата-аналар мұғалімді мазалағыш. Кешке уатсапта да, телеграмда да мұғалімге тыныштық жоқ. Жекеменшік мектептің ата-аналары «ақша төлеп жатырмыз ғой» деп мұғалімдерді «жеп тастамай ма?»
Бәрі сыныпқа байланысты. Мысалы, бастауыш – ол бөлек әлем. Орта және жоғары сынып деген тағы бар. Мұғалімнің ата-анамен қарым-қатынасы сынып түріне байланысты әртүрлі. Сіз айтып отырған мазалағыш ата-аналардың балалары бастауыш сыныпта оқиды. Бастауышта балаға көп энергия кетеді. Соңғы 30-40 жылда көп адам мұғалімдікті саналы түрде таңдамады. Мұғалімдік, әсіресе, бастауышта жұмыс істеу өте қиын. Кішкентай балалармен жұмыс істегеннен ләззат алу, энергия алмасу болмаса, әлбетте, күйзеліске тап боласыз. Жиырмадан астам оқушының ата-анасы, ата-әжесі бар. Сондықтан сынып жетекші өзінің талаптарын қою білуі тиіс. Себебі бәрінің ойынан шығу, бәріне жауап беріп үлгеру мүмкін емес. «Пәленше уақытқа дейін мен жауап беремін, құрметті ата-аналар! Одан кейін ренжімеңіздер мен жауап бере алмаймын. Міне, үй тапсырмасы. Дедлайн мынадай» деп өз талаптарын жеткізе алуы керек.
Жекеменшік мектепте мұғалімдерге көбірек еркіндік беріле ме? Себебі мемлекеттіктен сіздерге ауысып кететіндер саны көп. Ол таңдау айлыққа байланысты ма? Еркіндікке байланысты ма? Әлде бірнеше фактордың қосындысы ма? Еркіндік деп шығармашылық еркіндікті меңзеп отырмын.
Жекеменшік мектептерде шығармашылық еркіндік көбірек болатыны рас. Мемлекеттік мектепте қағазбастылық әлі де көп. Анаған, мынаған есеп беріп жүргенде шығаршылықпен айналысу, әрине, өте қиын. Жекеменшік мектепте өз методикаңмен, әдіс-тәсіліңмен сабақ беру жеңілірек. Тіпті өз курсыңды ойлап тауып, жасанды интеллектің көмегіне жүгініп басқа методика жасап шығарасың ба, ешкім тежемейді. Керісінше ондай мұғалімдер жоғары дәрежеде бағаланады. Жалақы жағына келер болсақ біздің мектепте айлық мөлшері мемлекеттік мектепке қарағанда көбірек. Кей жағдайда өте көп төлейміз. Бұл мұғалімнің кәсібилігіне, оқушыларының жетістігіне байланысты.
Сұхбаттасқан Жазира Байдалы