Елімізде еңбек нарығы түбегейлі жаңғырып,жаңа кезеңге қадам басты. Өнер­кәсіптен бастап ауыл шаруашылығына, отын-энергетикадан геология мен құрылысқа дейінгі салаларда мыңдаған жаңа жұмыс орындары құрылып, 75-ке жуық заманауи мамандық енгізіліп жатыр. Үкімет цифрландыруды күшейтіп, кәсіби стандарттарды жаңартып, дуалды оқыту жүйесін кеңейту арқылы жастарды нақты секторға тарту мен еңбек адамының беделін арттыруға басымдық беріп отыр. Осы мәселелер Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында талқыланды.

Кешенді шара көрсеткіші

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы 2030 жылға қарай 3,3 млн адамды, соның ішінде 2,3 млн жасты жұмысқа орналастыру бойынша нақты бағыт-бағдарды айқындап бергенін атап өтті. Халықты жұмыспен қамту мәселесін кешенді түрде шешу үшін қазір еңбек нарығын трансформациялау жүріп жатыр. Мамандықтар мазмұны жағынан өзгеріске ұшырамақ. Экономикадағы құрылымдық өзгерістердің нәтижесінде бұрыннан қалыптасқан бірқатар кәсіп жойылып, жаңалары келді.

«Мемлекет басшысы жариялаған жұмысшы мамандықтары жылы аясында еңбек адамының мәртебесін арттыруға ерекше көңіл бөлу керек. Олар заманауи талаптарға сай болуға тиіс. Бүгінде елімізде ауқымды логистикалық, энергетика­лық жобалар іске қосылып жатыр. Түрлі салада цифрлық шешімдер белсенді енгізілуде. Жалпы, кешенді шаралар жаңа сапалы жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді», деп атап өтті О.Бектенов.

Премьер-министр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аталған жұ­мысты салалық министрліктер мен әкім­­ді­к­термен тұрақты түрде үйлестіріп, қажетті жедел шараларды қабылдауға тиіс екенін айтты. Бұл ретте еңбек нарығындағы өзгерістердің толық есебін жүргізіп отыру керек. Мәселен, Жұмыс орындарын құру­дың сапалы мониторингін қамтамасыз ету үшін Инновациялық жобалар навигаторы әзірленді. Ақпараттық жүйе жаңа жұ­мыс орындарының санын, олардың еңбек на­ры­ғының қажеттіліктеріне сәйкестігін, сон­дай-ақ жұмыс берушілердің жұмыспен қамту жоспарларының орындалуын қада­ға­лайды.

«Шетелдік және отандық инвестор­лар­дың жаңа жұмыс орындарын құру бо­йынша өз міндеттемелерін орындау бағы­тын­дағы жауапкершілігін арттыру керек. Сондай-ақ инвестиция көлемінің ең кемі 30%-ын құрайтын еңбекақы төлеу қорын қалып­тас­тыру талабын сақтау қажет», деп атап өтті Премьер-министр.

Инновациялық жобалар навигаторында салалар бойынша тек ірі инвес­тициялық жобалар көрініс тапқан. Премьер-министр жаңа жұмыс орындарына нақты уақыт режімінде толық әрі жүйелі түрде мониторинг жүргізу үшін бірыңғай ақпараттық жүйені жасап шығарып, іске қосуды тапсырды. Ол елімізде іске асырылып жатқан жобалар туралы барлық ақпаратты, соның ішінде біліктілік деңгейін, еңбек жағдайларын, жалақы мөлшерін, басқа да деректерді қадағалап отыруға тиіс.

Үкімет отырысында сондай-ақ елімізде ашылатын жұмыс орындарының бір бөлігі уақытша жұмыспен байланысты еке­ніне назар аударылды. Мұндай тәсілдің ха­лықты жұмыспен қамтуда тиімділігі төмен. Сондықтан қолданыс­тағы жос­пар­лар­да тұрақты жұмыспен қамту үлесін ұл­ғайту қажет. Әсіресе жас маман­­дар­­ды жұ­­мысқа орналас­тыруға баса назар аудару керек. Аталған мәселелерді ке­шен­ді түр­­де шешуге бағытталған шара­лар Еңбек на­­ры­­ғын дамыту тұжырым­дама­сын­да көз­дел­ген.

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша Премьер-министр орталық мемлекеттік органдардың, өңір әкімдіктері мен бизнестің өзара үйлесімді, бірлескен жұмысы қажет екенін атап өтіп, салалық министрліктер мен әкімдіктерге келесідей тапсырмалар берді: еңбек министрлігі облыс әкімдерімен бірлесіп, өңірлік жұмыспен қамту карталарында көзделген еңбек нарығының негізгі көрсеткіштерінің орындалуын қамтамасыз етуге тиіс; өңір әкімдері тұрақты жұмыс орындарын құруға баса назар аудара отырып, жұмыспен қамту жоспарларының орындалуын жеке бақы­лауға алады; Ұлттық экономика министрлігі салалық мемлекеттік органдармен, өңір әкімдіктерімен бірлесіп, осы жылдың ­1 қыркүйегіне дейін 2025–2027 жылдары іске асырылатын жобалар бойынша барлық деректерді мемлекеттік жоспарлаудың ақпараттық жүйесінде орналастыруды қамтамасыз етуге тиіс. Сондай-ақ келесі жылдың басынан бастап халықты жұмыспен қамтуды кеңейтуге бағытталған аудан мен қала әкімдерінің KPI жүйесін енгізу қажет.

75 жаңа мамандық

Бүгінгі күні жаңа мамандықтар Атла­сында Министрлік жетекшілік ететін салалар бойынша 75 жаңа мамандық бар. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан мәлім­деді. Ол министрлік жетекшілік ететін сала­­­лар бойынша кадрларға қажеттілік ша­ма­­­мен 40 мың адамды құрайтынын атап өтті.

«Мысалы, металлургия мен тау-кен өндірісі саласында смарт жүйелерді әзір­леуші, роботтандырылған тау техника­сының опера­торы, машина жасау саласында виртуалды про­тотиптеуші маманы, құрылыста Big Data талдаушысы, «Ақылды үй» жобалаушысы сияқты жаңа мамандықтар пайда болды. Соны­мен қатар бизнес үдерістерді авто­мат­тан­дыруға байланысты 40-тан астам ма­ман­дық өзгеріске ұшырады», деді И.Шархан.

Биыл 190 инвестициялық жобаны іске қосу барысында машина жасауда тағы 8 жаңа мамандық пайда болатыны атап өтілді. Мысалы, олардың қатарында 3D басып шығару және дәнекерлеу инженері, роботтандырылған бояу жүйелерінің операторы бар. Осылайша, қол еңбегінің авто­мат­тандырылған еңбек түрімен біртіндеп ауысуы байқалып отыр. Ол қоғамдағы жұ­мысшы мамандықтары туралы түсінікті түбегейлі өзгертуге мүмкіндік береді.

Вице-министрдің айтуынша, кәсіби стандарттар нақты сектордағы жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келетін, сұранысқа ие мамандарды дайындауға мүмкіндік береді.

«Кәсіби стандарттарды енгізу – білім беру жүйесі мен өндірістегі нақты сұраныс арасындағы алшақтықты азайтады. Яғни оқу бітірген жас маман еңбек нарығына тез бейімделіп, бірден жұмысқа орналасуға қабілетті болады. Бұл өз кезегінде оның бәсекеге қабілеттілігін арттырады», деді И.Шархан.

Сала бойынша білікті кадр даярлау ісінде дуалды оқыту жүйесінің маңызы ерекше. Яғни студенттің теориялық біліммен қатар өндірістік ортада практикалық тәжірибе жинауы қамтамасыз етіледі. Қазір бұл жүйе 284 колледжде енгізілген. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібіне бағытталған 164 колледж бар. Дуалды оқыту үдерісіне 700-ге жуық кәсіпорын тартылған.

«Кәсіпорындармен жасалған келі­сім­дер мен меморандумдар аясында 30-дан астам білім беру бағдарламасы жү­­зе­ге асып жатыр. Бұл білім беру маз­мұ­­нын жаңартуға, ал студенттерді шы­на­­йы өндірістік жағдайға бейімдеуге мүм­­­­­кін­дік береді. Өткен жылы 2 мың­­­­­нан астам студент өндіріс орын­да­рын­­­да тағы­­лым­дамадан өтті. Алдағы уа­қыт­та бұл көр­­сет­кішті арттыра түсу көз­де­ліп отыр. Сондай-ақ озық білім беру тех­но­­ло­­­гия­­­­ларын енгізу мақсатында халық­аралық әріп­­тес­тік те дамып келеді», деді вице-министр.

Нәтижесінде, жыл сайын 13 мыңнан астам жас маман еңбек нарығына шығып, тұрақты жұмыспен қамтылуда. Сонымен қатар мыңдаған мектеп оқушысы үшін кәсіптік бағдар беру іс-шаралары өткізіліп келеді. Министрлік өкілі атап өткендей, кәсіби білім беруді өндіріске жақындату – Қазақстандағы кадрлық әлеуеттің сапасын арттыруға бағытталған стратегиялық қадамдардың бірі.

Тау-кен және геология салаларындағы мамандықтарға да қызығушылық артып келеді. Атап айтқанда, маусым айында Қарқаралыдағы оқу-геологиялық полигонда II «Сәтбаев» геологиялық уни­версиадасы ұйымдастырылып, оған елі­міз­дің жетекші жоғары оқу орындары мен Семей геоло­гиялық барлау коллед­жі­нен 100-ден астам студент қатысқан.

Сондай-ақ шілде айында Семей қала­сында мектеп оқушыларына арналған II Республикалық далалық геологиялық олим­пиада өтті. Оған Қазақстанның бар­лық өңірінен 16 команда қатысып, жас гео­логтер өз білімдері мен ізденістерін ортаға салды.

«Мұндай іс-шаралар жасөспірімдердің кәсіби бағдарын ерте кезеңде анықтауға, геология саласына деген қызығушылықты оятуға, дарынды жастарды қолдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл шаралар отандық геологиялық білім беру жүйесінің халықаралық беделін арттыра түседі. Ең бастысы, бұл мамандық түлектері еңбек нарығында сұранысқа ие. Кейінгі екі жылда осы саланы тәмамдаған түлектердің 98%-ы мамандығы бойынша жұмысқа орналасуда. Бұл білім беру мен өндіріс арасындағы тиімді байланыстың нақты нәтижесі», деді И.Шархан.

Статистика да бұл бағыттағы оң өзге­рісті растап отыр. Бұрын жыл сайын тау-кен және геология мамандықтарын шама­­мен 1 200 студент тәмамдайтын болса, соң­ғы екі жылда бұл көрсеткіш 3 мыңнан асып отыр. Демек жастар арасында бұл сала­­ға деген қызығушылық айтарлықтай өскен.

Министрлік өкілі атап өткендей, гео­логия мен тау-кен өндірісі еліміз эко­но­микасының стратегиялық салала­рының бірі болып саналады. Сондықтан бұл сала­да кәсіби кадрларды даярлау, жастарды тарту, олардың білімін практикамен ұштастыру жұмыстары жалғасады.

14 мың жұмыс орны

Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында отын-энергетика кешенінде 14 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл тура­лы Үкімет отырысында Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек мәлім етті.

Оның айтуынша, бүгінде еліміздің отын-энергетика кешенінде 1 671 кәсіп­орын жұмыс істейді. Онда түрлі техни­калық, инженерлік бағыттар бойынша 303 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.

«2024 жылы мұнай-газ саласында 6 мыңнан астам, электр энергетикасында 3 мың­нан астам, жаңартылатын энергия көздері бағытында шамамен 3 мың, мұнай-газ химиясында 945 жаңа жұмыс орны ашылады», деді вице-министр.

Бұдан бөлек, 2029 жылдың соңына дейін жүзеге асырылатын 200-ден астам инвестициялық жоба аясында 70 мыңға жуық жаңа жұмыс орны кезең-кезеңімен құрылады деп жоспарланып отыр. Бұл ел экономикасы үшін аса маңызды салаларда техникалық біліктілігі жоғары мамандарға деген сұраныс арта түсетінін көрсетеді.

Премьер-министр О.Бектенов Еңбек және халықты әлеу­­меттік қорғау министрлігіне бұл бағыт­тағы жұмыстарды барлық салалық ми­нистрліктермен және өңір әкімдіктерімен тығыз үйлестіруді тапсырды. Оның айтуынша, еңбек нарығындағы өзгерістерді нақты есепке алып, жедел шаралар қабылдау аса маңызды.

Жалпы, жұмысшы мамандықтарға басым­дық беретін мемлекеттік саясат – ел эконо­микасының нақты секторын кадр­мен қамтамасыз етудің, жастарға тұрақты жұ­мыс берудің және техникалық білім беру жүйе­сін жаңғыртудың маңызды тетігіне айналып отыр.

Агросаясаттағы басым бағыт

Агроөнеркәсіптік кешенде де еңбек өнімділігі артып, жұмыс орындарының саны көбеюде. Бұл туралы Үкімет отыры­сында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аман­­ғали Бердалин мәлімдеді. Оның айтуын­ша, бүгінде елде 285,5 мың ауыл шаруа­­шылығы өндірушісі бар, олар шамамен 1 мил­­лион адамды жұмыспен қамтып отыр.

«2024 жылдың қорытындысы бо­йынша ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі бір жұмыспен қамтылған адамға шаққанда шамамен 5 миллион теңгені құрады. Бұл – өткен жылғы көрсеткіштен 16 пайызға жоғары. Өнімділіктің артуы – оң құбылыс. Бірақ ол жұмыс күші қажет­тілігін қысқартады. Бұған қоса ауыл шаруа­шылығы жұмыстарының маусымдылығы да еңбек ресурстарына деген қажеттілікті тұрақсыз етеді», деді А.Бердалин.

2023 жылы бұл көрсеткіш 4,2 млн теңге болған. Биыл да өсім жалғасып отыр: алғашқы тоқсанда еңбек өнімділігі 10,6%-ға артқан. Бұл – саланың тиімділігінің жоғарылағанын білдіреді. Алайда вице-министр мұның бір жағынан тұрақты еңбек ресурстарына деген сұраныстың азаюына әкеп соғатынын да атап өтті. Бүгінде АӨК салаларында шамамен 6,5 мың маман қажет, оның ішінде 3,5 мыңнан астамы – білікті кадрлар.

Вице-министр аграрлық секторда жұмыспен қамтуды арттыру бағытындағы жұмыстар жайында да баяндады. Оның айтуынша, министрлік жаңа жұмыс орындарын құру және өзін-өзі жұмыспен қам­тыған азаматтарды ұйымдасқан шаруа­шы­лықтарға тарту үшін жүйелі шаралар қа­был­дауда.

«Ауыл шаруашылығында жұмыспен қамтуды ұлғайту жөніндегі саясаттың бір бағыты «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру. Оның аясында жалпы 115 миллиард теңгеге 17 мыңнан астам шағын несие берілді. Нәтижесінде, ауылдық жерлерде 20 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. 2025 жылы АӨК инвестициялық жобалары аясында 616 млрд теңге сомаға 285 жоба жүзеге асырылады. Бұл жобалар 6,3 мың тұрақты және маусымдық жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Жалпы, алдағы үш жылда 3,4 триллион теңгеге 683 жобаны іске асырып, 23 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр», деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі.