Ұлттық қор бастапқыда қауіпсіздік жастығы ретінде құрылған. Мұнай, газ және басқа да табиғи ресурстарды сатудан түскен табыстар қорда жиналып, экономиканы тұрақсыз кезеңдерде қолдау үшін пайдаланылуы тиіс еді.

Мамандардың айтуынша, қазір Ұлттық қор бізді емес, біз оны қорғайтын жағдайға жеттік. Неге Ұлттық қор табыс таппайды? Сaravan.kz медиа порталы жалғастырады.

Экономист Айдархан Құсайыновтың айтуынша, бүгінде қорымыз дамудан қалып, тек жұмсауға арналған ыңғайлы құралға айналған.

«Бізге ұзақ жылдар бойы Қазақстан мұнай өндіру көлемін 150 миллион тоннаға дейін жеткізеді деген иллюзиямен алдап келді. Мұндай уәделер 2000-жылдары да, 2010-жылдары да айтылды. 2016 жылы жағдай бәріне белгілі болды. Біз 80–90 миллион тонналық өндірістік шектен асып кете алмаймыз, әрі қарай айтарлықтай өсу болмайды. Мұны бүгінде барлық сарапшы мойындайды», – дейді Құсайынов.

Мәселе тек мұнай көлемінде емес. Экономика соңғы 15–20 жылда мұнай ақшасына тәуелді болып қалды. Экономистің пікірінше, ел мұнайға «допинг секілді» үйреніп қалған.

«Басында азға қанағат етеміз. Кейін доза ұлғаяды. Соңында неше құйсаң да, нәтиже жоқ. Қазір біз Ұлттық қордан он жыл бұрынғыдан да көп ақша құямыз. Бірақ экономика қозғалмайды. Себебі ол бұл ақшаға үйреніп алған, енді оған әсер етпейді. Нағыз тығырық», – деп түсіндіреді ол.

Логика бойынша, Ұлттық қордағы қаражат болашақ үшін жұмыс істеуі тиіс. Бірақ «жұмыс істеу» деген не? Айдархан Құсайынов былай дейді:

“Мұнай ақшасы жұмыс істеуі керек” десе, мен: “Ал сен өзің жұмыс істейсің бе?” деп сұраймын. Жағдай бай әке мен мұрагер ұлының диалогына ұқсайды. Әкесі: “Өз-өзіңді дамыт, еңбектен, табыс тап” дейді. Ал ұлы: “Неге? Бәрібір ақша бар ғой, солар жұмыс істесін” деп жауап береді. Тура осындай жағдай».

Экономистің айтуынша, Ұлттық қордан бөлінетін ақшаның көбі инвестициялық емес жобаларға кетіп жатыр. Мысалы жол салу, шетелде оқыту сынды түрлі жобалар тек шығын әкеледі. Біздің схема табыс табудың жолы емес, ақшаны жаратудың құралы.

«Бұл ақша кері қайтпайды. Иә, бізде жақсы жолдар, университеттер, техника, ғимараттар пайда болуы мүмкін. Бірақ жүйенің ішінде отырған адамдар жұмыс істей алмаса, ешқайсысы пайда әкелмейді», – дейді Құсайынов.

Сарапшы мұны қабілеті жоқ, бірақ жағдайы жасалған адаммен салыстырды.

«Дамыған елдерде инфрақұрылым жұмыс істеп тұрған экономиканы қолдау үшін құрылады. Яғни адам жұмыс істеп жатыр, мемлекет оның еңбегін күшейтеді. Ал бізде бәрі керісінше», — деп қорытындылайды ол.

Экономистің пікірінше, Қазақстан Ұлттық қордың рөлін қайта қарауы керек. Ол шексіз алуға болатын сиқырлы әмиян емес, өздігінен ештеңе жасай алмайтын ресурс.