Болгариялық компания Шымкент қаласында ет өңдейтін кәсіпорын салуға ниетті.
Ол үшін 20 млн еуро көлемінде инвестиция құюға да дайын. Бұл жайында бүгін Қазақстан мен Болгария бизнес форумы барысында белгілі болды. Қос мемлекет арасындағы іскерлік байланысты нығайтуға бағытталған ауқымды шараға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен елімізге ресми сапармен келген Болгария басшысы Румен Радев қатысты.
Болгария Еуропалық Одақтың толыққанды мүшесі ретінде Қазақстан үшін кәрі құрлық нарығына ашылатын маңызды көпір іспетті. Ал Қазақстан болса болгар кәсіпкерлеріне Орталық Азия мен Шығысқа шығуға мүмкіндік береді. Еліміздің геостратегиялық орналасуы мен табиғи ресурстарға бай әлеуеті де еуропалықтарға жақсы таныс.
Әлібек Қуантыров, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:
- Олардың аймағы арқылы біз тиісті тауар айналымын көтеруге дайынбыз. Енді Болгариядан келетін фармацевтика, өндіріс заттары бізге де керек әрине. Себебі біздің экономикамыз өсіп жатыр және біз әр түрлі тауар көздерін іздеп жатырмыз.
Қазақстан мен Болгария арасындағы сауда-саттық көлемі күн санап артып келеді. Былтыр бұл 4 есе артып, 375 миллион долларға жеткен. Биыл 4 айдың өзінде арадағы алыс беріс 83 млн доллардан асты.
Қазақстан мен Болгария арасындағы сауда-саттық
2024 жыл – $375 млн
2025 жыл 4 ай – $83 млн
Қазіргі уақытта Қазақстанда 60-қа жуық болгар компаниясы табысты жұмыс істеп келеді. Дегенмен, сарапшылардың айтуынша, екі ел арасындағы экономикалық ықпалдастық бұдан да жоғары деңгейге көтерілуі тиіс. Бұл үшін әлеует жеткілікті, ал серіктестік мүмкіндіктері әлі толық игерілген жоқ. Сауда-инвестициялық ынтымақтастықта пайдаланылмаған әлеует әлі жеткілікті. Бұл жайында бүгін «Қазақстан – Болгария» бизнес-форумына қатысып сөз сөйлеген мемлекет басшысы да атап өтті. Осы ретте Президент ынтымақтастықты кеңейтетін басым бағыттарға тоқталды. Оның алғашқысы көлік қатынасы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Еуропа мен Қытай арасындағы құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 85 пайызы Қазақстан аумағымен өтеді. Орта дәліз инфрақұрылымын дамытудың арқасында, яғни заманауи теміржолдар, құрғақ порттар мен логистикалық орталықтар сала отырып, Шығыс пен Батыс арасын бұрынғыдан әлдеқайда тиімді жалғаймыз. Былтыр аталған дәліздің бойымен тасымалданған жүктің көлемі 62 пайызға өсіп, 4,5 миллион тоннаға жетті. Бұдан осы бағыттың маңызы арта түскенін аңғаруға болады. 2028 жылға қарай жолдың жүк өткізу мүмкіндігі 10 миллион тоннаға дейін ұлғаяды. Бұл бағыт арқылы тасымалданатын жүк көлемін арттыруға ниеттіміз және Қара теңіздегі негізгі логистикалық орталық – Бургас портының Орта дәлізге қосылуын құптаймыз.
Бүгінде Қазақстан жасыл энергетиканы дамыту ісінде ірі халықаралық инвесторлар үшін де тартымды елге айналды. Қазіргі таңда Қазақстанда 150-ден астам қайта жаңартылатын энергия нысаны бар. Олардың қуаттылығы 3 ГВт-тан асады. Бұл тұрғыда Қасым-Жомарт Тоқаев Black Sea Energy бастамасы аясындағы тараптардың әріптестігі — декарбонизация бойынша ортақ мақсаттарға қол жеткізудің маңызды құралы болатынына сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сондай-ақ Қазақстан геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу және халықаралық жобаларға қатысу арқылы газ өндіру көлемін ұлғайтуға күш салады. Уран өндіруде әлемдегі көшбасшы елміз. Осы орайда энергетикалық қуатымызды арттыра түсетін атом станциясының құрылысы басталады. Бұл экономикалық ынтымақтастығымызға оң әсер етеді.
Еліміздің агробизнестегі де әлеуті зор. Қазақстан жыл сайын жаһандық нарыққа 8 млн тоннадан астам бидай мен 2 млн тонна ұн шығарады. Осының арқасында еліміз әлемдегі ірі астық экспорттаушылардың ондығына кіреді. Бүгінде отандық ауылшаруашылық өнімдері 70-тен астам мемлекетке экспортталады. Бұл бағыттағы потенциалды ескерке болгар тарапы 20 млн еуроға жуық инвестиция құйып, Шымкент қаласында ет өңдейтін заманауи кәсіпорын ашуды көздеп отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Болгариялық серіктестерімізбен ет пен сүт өнімдерін, бал, өсімдік майын өндіруде ынтымақтастықты дамытуға мүдделіміз. Шымкент қаласында ет өңдеу ісіне инвестиция құюды көздеп отырған Lekkerbek компаниясының ниетін қолдаймыз. Бұл жоба заманауи технологиялар енгізіп, аймақтың экспорттық әлеуетін көтеруге мүмкіндік береді.
Туризм бағытында қазір қос ел арасында айтарлықтай бір ауқымды жоба жоқ. Бірақ әлеует зор. Бүгінде шетелдіктердің Алатау таулары, Бурабай, Шарын шатқалы сияқты көрікті жерлерді аралау мүмкіндігі бар. Тағы біздің тарап ғарыш туризмін трендке айналдыруды көздеп отыр.
Әлішер Тұрсын, "Kazakh Tourism" ҰК" АҚ Жобаларды сүйемелдеу департаментінің директоры:
- Байқоңырға аса көңіл бөлініп отыр. Өйткені ол теңдессіз, басқа елде кездеспейтін туристік аймақ. Себебі адамзат баласы ғарышпен байланысын бірінші Байқоңырда бастаған болатын. Сол жерге болгариялық туристердің арнаулы тур операторлары арқылы қатысуға мүмкіндіктері бар.
Қазақстан сан саланы цифрландыруға да бет бұрған ел. Қазір бұндай шешімдер мемлекет ісінде де, жеке секторда да кеңінен енгізіліп жатыр. Бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін жасанды интеллект технологияларын әзірлеу де мықтап қолға алынды. Қазір біздің еліміздің иелігінде қуаттылығы жоғары суперкомпьютер бар. Қазақстан бұндай қондырғыға қол жеткізген Орталық Азиядағы бірінші мемлекет. Алдағы уақытта мәліметтерді өңдеу және Халықаралық жасанды интеллект орталығын құру сынды ауқымды жоспарлар бар. Бұл Қазақстанның келешектегі дамуының өзегі болмақ, деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Президент мырза, Сіз еліңіздің жасанды интеллектіні игеру және өзінің суперкомпьютерін жасау ісіндегі керемет жетістіктері жөнінде айттыңыз. Аталған табыстарыңыз осы ерекше маңызды салада тәжірибе алмасуға негіз болады. Қазақстанда CryptoCity пилоттық аймағы дайындалу үстінде. Мұнда криптовалютаны күнделікті сауда жасауға, қызметтердің ақысын төлеуге және экономикада кеңінен пайдалануға болады.
Форум соңында мемлекет басшысы Болгария компанияларын АХҚО мүмкіндіктерімен танысып, оның даму қарқыны жоғары экожүйесіне қосылуға шақырды.
Риат Шони, тілші:
- Қазақстан мен Болгария арасындағы іскерлік ынтымақтастық – соңғы жылдары ерекше қарқынмен дамып келе жатқан бағыттардың бірі. Географиялық қашықтыққа қарамастан, қос мемлекет арасында ортақ экономикалық мүдделер мен стратегиялық мақсаттар түйісіп отыр. Сондықтан Шығыс пен Батысты жалғаушы ел мен Балқан түбегіндегі ықпалды мемлекет арасындағы іскерлік әріптестік – уақыт талабына сай дамып келе жатқан, өзара сенім мен сыйластыққа негізделген қатынас. Бұл байланыс болашақта да жаңа көкжиектерге жол ашары сөзсіз. Мұндай серіктестіктің болашағы кемел, келешегі жарқын боларына сенім мол.
Риат Шони, Ержан Қанапияұлы