Қоғамдық қысым, болашаққа деген белгісіздік, отбасылық үміт пен экономикалық тұрақсыздық жас буынның психикасына ауыр салмақ түсіреді . Алайда бұл мәселе назардан тыс қалып отыр. Психологиялық көмекке жүгінетіндер саны артқанымен, стигма мен қолжетімсіздік салдарынан жастардың басым бөлігі өз қиындықтарымен жалғыз күресуге мәжбүр.
Жастар сырттай белсенді, мақсатшыл, үмітке толы көрінгенімен, ішкі күйзелістен шаршаған. Психикалық денсаулық туралы ашық айту әлі де ұят саналатын, көмектен гөрі үнсіз қалу таңдалатын тақырып. “Ештеңе істемей-ақ шаршау” қазіргі мыңдаған жасөспірімнің күнделікті шындығына айналды. Бұл материалда Caravan.kz медиа порталы жастардың психикалық денсаулыққа қатысты нақты жағдайын, проблеманың түп-тамырын және Орталық Азиядағы көрші елдермен салыстыра отырып, неге бұл “жасырын індеттің” әлі де шешімін таппай отырғанын қарастырады.
Тыйым салынған індет
Қазақстанда психикалық денсаулық мәселесі соңғы жылдары жиі көтеріліп келе жатқанымен, қоғамда бұл тақырып әлі де толық қабылдана қойған жоқ. Әсіресе жастар арасында депрессия, күйзеліс, апатия мен мазасыздық кең таралып, «жасырын індетке» айналды. Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, соңғы он жыл ішінде психиатр мен психологқа жүгінетіндер саны екі есе өскен. Бұл көрсеткіш әсіресе 30 жасқа дейінгі жастар арасында күрт артқан. Жастардың психологиялық көмекке жүгінуі арта бастағанымен, бұл өзгеріс көбіне қала тұрғындарына тән. Ауылдық жерлерде психологқа бару әлі де ыңғайсыз, күмәнді әрекет ретінде қабылданады. Көптеген жас өз жай-күйін «ештеңе істемей-ақ шаршадым» деп сипаттайды. Алайда бұл шаршау, шын мәнінде созылмалы стресс пен болашаққа деген сенімсіздіктен туындайтын эмоционалдық күйзелістің көрінісі.
Жастар өз өмірінде түрлі қысымдарға ұшырайды. Әсіресе жоғары оқу орнына түсу үшін болатын бәсекелестік, ата-ананың үмітін ақтауға деген талпыныс, әлеуметтік нормаларға сай болуға тырысу — мұның бәрі тұрақты күйзелісті туындатады. 2023 жылы Astana IT University жүргізген сауалнама нәтижесінде студенттердің 65%-ы ата-анасының үміті мен оқу жүктемесінен күйзеліс сезінетінін айтқан. Сонымен қатар, қала мен ауыл арасындағы мүмкіндіктердің алшақтығы да жастарға қосымша қысым түсіреді. Ауыл жастары үшін жоғары білім алу, жақсы жұмыс табу және жеке өмірді қалыптастыру мүмкіндіктері шектеулі, бұл олардың өмірге деген мотивациясын төмендетеді.
Экономикалық жағдай да бұл мәселені тереңдете түседі. Қазақстанда 15–28 жас аралығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық 4,5% болса да, ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары. Жастар көбінесе тұрақсыз, бейресми жұмыста істейді немесе өз мүмкіндіктерін толық жүзеге асыра алмай жүреді. Adam Research деректері бойынша, 18–30 жас аралығындағы қазақстандық жастардың 35%-ы өзін «эмоционалдық тұйыққа тірелгендей» сезінетінін айтқан.
Пандемия бұл жағдайды одан әрі ушықтырды. ДДСҰ деректеріне сәйкес, 2020 жылы әлемде депрессия мен мазасыздық 25%-ға өсті. Қазақстанда жүргізілген сауалнамаларға сәйкес, 2021 жылы жастардың 40%-ы локдаун кезінде депрессия белгілерін сезінген. Әлеуметтік оқшаулану, вирус жұқтыру қорқынышы мен экономикалық тұрақсыздық — бәрі де жастардың психикасына кері әсер етті.
Мұндай жағдайда кәсіби көмек қолжетімді болуы тиіс. Алайда Қазақстанда әр 100 мың адамға небәрі 2,5 психиатрдан келеді. Психологтар одан да аз, әрі олардың көбі ірі қалаларда ғана орналасқан. Ауылдық жерлерде мұндай мамандар мүлде жетіспейді. Мемлекеттік бағдарламалар бұл саланы жеткілікті қаржыландырмайды: 2023 жылы Қазақстан денсаулық сақтау бюджетінің 1%-ынан азын ғана психикалық денсаулыққа бөлген. Жеке көмек те арзан емес: Алматыда психологқа бір сағаттық қабылдау 15–30 мың теңге тұрады. Бұл көптеген жастар үшін қолжетімсіз.
Сонымен қатар, мәдени кедергілер де бар. Қазақстанда, әсіресе ауылдық өңірлерде, психикалық қиындықтарды жасыру қалыпты нәрсе ретінде қабылданады. Көп жағдайда адамдар мұндай мәселелерді «көңіл-күйдің құбылуы» немесе «шаршау» деп қабылдап, маман көмегіне жүгінуге ұялады. Бұл көзқарас кеңестік кезеңнен бері сақталып келеді, ол кезде психиатрия көбіне жазалау құралы ретінде қолданылған. Бүгінгі күнге дейін кейбір отбасыларда депрессия мен мазасыздықты әлсіздік немесе «ақыл-есінің кемдігі» деп қабылдау жалғасып отыр.
Қазақстанда бұл стигманы жою бағытында алғашқы қадамдар жасалуда. Қала жастары арасында психологиялық көмекке жүгінуге деген көзқарас өзгеріп келеді. «Психология баршаға» сияқты бастамалар жастарға көмектесіп жүр, бірақ олар әлі де шектеулі ауқымда жүргізілуде. Ауылдық жерлерде мұндай бағдарламалар өте сирек кездеседі.
Орталық Азия елдеріне де тән жағдай
Қазақстандағы жағдай Орталық Азияның басқа елдеріндегі ахуалмен ұқсас. Өзбекстанда 2021 жылғы зерттеу нәтижесінде 15–24 жас аралығындағы жастардың 15%-ы мазасыздық немесе депрессия белгілерін бастан өткергенін айтқан. Алайда психологқа жүгіну көпшілік арасында әлсіздік ретінде қабылданады. Елдің ауылдық өңірлерінде жастар эмоциялық қиындықтарын ашық айтуға қорқады.
Қырғызстанда үкіметтік емес ұйымдардың сауалнамалары көрсеткендей, жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің кемінде 20%-ы созылмалы стресс пен апатияға ұшыраған. Бірақ ата-аналар балалардың эмоционалдық қиындықтарын «өтпелі кезең» деп қабылдап, оларды елемейді. Елде психологиялық көмекке жүгіну деңгейі өте төмен: депрессия белгілері бар жастардың тек 10%-ы ғана маман көмегіне жүгінеді.
Тәжікстанда психикалық денсаулық тіпті «жабық тақырып». Жергілікті мәдениетте «депрессия» ұғымының орнына «шаршау» немесе «көңілсіздік» сияқты сөздер қолданылады. Көптеген жастар эмоциялық жағдайларын діни жолмен шешуге тырысады — муллаға немесе халық емшісіне жүгінеді. Елде әр 100 мың адамға 1 психиатрдан да аз келеді, ал психологтар саны өте аз және көбіне қалада ғана бар.
Өзбекстан мен Қырғызстанда психологтарды даярлайтын бағдарламалар бар, бірақ мамандардың біразы жеке секторға кетіп, ауылдық жерлерге баруға құлықсыз. Мемлекет бұл мамандықты оқуға гранттар бөлу, ауылда жұмыс істеуге ынталандыру сияқты шараларды қарастыруы қажет.
Мәселені қалай шешуге болады
Біріншіден, психикалық денсаулыққа бөлінетін қаржы көлемін арттыру қажет. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл салаға денсаулық сақтау бюджетінің кемінде 5%-ын бөлуді ұсынады. Бірақ бүгінде Қазақстан — 1%-дан аз, Өзбекстан — 0,8%, Қырғызстан мен Тәжікстан — 0,5%-дан төмен қаржы бөліп отыр.
Екіншіден, білім беру жүйесі бұл мәселеге белсенді араласуы тиіс. Мектептер мен жоғары оқу орындарының оқу бағдарламасына күйзелісті басқару және эмоциялық сауаттылық курстарын енгізу — жастардың мазасыздық деңгейін төмендетуге көмектеседі. Қырғызстанда мұндай курстар сынақ ретінде енгізілгенімен, олар тек 5%-ға жуық оқушыны қамтыған. Өзбекстан мен Тәжікстанда ондай бастамалар мүлде жоқ.
Үшіншіден, ақпараттық кампаниялар мен танымал тұлғалар арқылы қоғамдағы стигманы жою қажет. Қазақстанда блогерлер мен инфлюенсерлер арасында психикалық денсаулық туралы ашық айтатындар көбейіп келеді. Бұл үрдісті Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстанда да дамыту маңызды.
Орталық Азия жастарының психикалық денсаулығы тек медициналық мәселе емес, ол әлеуметтік, экономикалық және мәдени мәселе де. Егер бұл проблемалар ескерусіз қалса, олардың салдары өңірдің болашағына кері әсер етуі мүмкін.
ЮНИСЕФ-тің мәліметінше, жастар арасындағы психикалық бұзылыстар жаһандық экономикаға жыл сайын 390 миллиард доллар шығын әкеледі. Психикалық денсаулық — қоғамның тұрақты дамуы үшін негізгі алғышарттардың бірі. Сондықтан жастарға уақытылы көмек көрсету, олардың ішкі әлеміне назар аудару әр мемлекеттің басты міндеті болуы тиіс.