Биылғы он бір айда ауыл шаруашылығы саласында тұрақты өсім байқалды.
Жалпы өнім көлемі 9 триллион теңгеден асты. Мал шаруашылығы мен егіншілік бағыттары да оң нәтиже көрсетіп отыр. Мамандар аграрлық сектордағы бұл серпінді соңғы жылдары жүргізіліп жатқан жүйелі реформалардың нәтижесімен байланыстырады.
Биыл ауыл шаруашылығының нақты көлем индексі 113%-ті көрсетіп отыр. Маңыздысы – екі жыл бұрынғы нәтижемен салыстырғанда өндіріс көлемі едәуір артқан. Одан бөлек бұған дейін қатаң сынға қалған статистика мәселесін реттеуге көңіл бөлініп жатыр.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Естеріңізде болса, 2024 жылдың басында статистика деректерін нақты көрсеткіштерге сәйкестендіру мәселесін көтеріп еді. Бұл осы деректерді нақты жағдайға келтіру мүмкіндік берді. Қазіргі таңда ауыл шаруашылық статистикасы бизнес деректермен және экспорт көлемдерімен толық сәйкес келіп отыр.
Мәселен, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2 млн бас ірі қара мал, 3,2 млн бас ұсақ мал, 3 млн тонна сүт, 1,7 млн тонна картоп, 315 мың тонна пияз есептен шығарылды.
Есептен шығарылған деректер
Ірі қара – 2 млн бас
Ұсақ мал – 3,2 млн бас
Сүт – 3 млн тонна
Картоп – 7 млн тонна
Пияз – 315 мың тонна
Сонымен қатар саладағы мемлекеттік қолдау шаралары де кеңейтіліп жатыр. Мәселен, элеваторларды кеңейту және жаңғырту жобаларына арналған жеңілдетілген кредит беру бағдарламасы әзірленіп жатыр. Оны 2026 жылдың 1 жартыжылдығында іске қосу жоспарланған. Бұл қоймалардың жетіспеушілігін жоюға тиіс. Дәл осындай шаралар мал шаруашылығында да қолға алынып, кешенді жоспар қабылданған.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Аталған жоспар мынадай бағыттарды қамтиды. Мал шаруашылығының барлық бағыттары бойынша айналым қаражатын толықтыру үшін жеңілдетілген кредит беру. Екінші — асыл тұқымды мал басын сатып алуға және шалғайдағы жайылымдардың инфрақұрылымын дамытуға ұзақ мерзімді жеңілдетілген кредит беру. Алты пайызға. Үшінші — саланы білікті кадрлармен қамтамасыз ету жөніндегі шаралар.
Сонымен қатар биыл қыркүйек айынан бастап мал бордақылау алаңдарына жеңілдетілген кредит беру бағдарламасын қаржыландыру басталды. Бұдан бөлек негізгі азық-түлік өнімдері бойынша белсенді импорт алмастыруға ден қойылған. Атап айтқанда, сүт және ашытылған сүт өнімдері бойынша импортқа тәуелділік іс жүзінде жойылды.
Серік Селеубайұлы