Елдегі білім беру жүйесі жаңғыртылып жатыр. Соның бірегейі – «Келешек мектептері» ұлттық жобасы. Бұл жаңа ғимарат салып қоюмен ғана шектелмейді.
Баланың жан-жақты дамуына қолайлы, қауіпсіз және инклюзивті орта қалыптастыруға бағытталған стратегиялық іс. Сонымен осы мақсаттағы құрылыстың қолға алынғанына үш жыл. Биылғы жоспар 460 мың орынға шақталған 217 мектеп. 181-і бой көтерді. 44 пайызы ауылдық жерлерде. Бұдан бөлек, реновация деген бағдарлама бар. Білім ошақтарына рең кіргізуге арналған. Осылайша 1300 мектеп жаңа кейіпке енеді. 820-сы елді мекендерде орналасқан. Жаңғырту аясында мектептерге күрделі жөндеу жүргізу, пәндік кабинетпен жабдықтау, жиһаздарын жаңалау, талшықты-оптикалық байланыс желілеріне қосу, спорт зал, кітапхана мен асханамен қамту және қауіпсіздік жүйелері мен аумақтарды заманауи стандарттар бойынша абаттандыру жатады.