Елордада мерекелік қарбалас басталды.
Бүгін EXPO халықаралық көрме орталығында дәстүрлі "Жаңа жыл Fest" жәрмеңкесі есігін айқара ашты. Мұнда тек сыйлықтар сатып алып қана қоймай, игі істерге де үлес қосуға болады.
Астанада "QazExpoCongress" ұлттық компаниясы Garage Fest-тің ұйымдастыруымен "Жаңа жыл Fest" жәрмеңкесі ашылды. Осыған орай бүгін 140-тан астам кәсіпкер мен қолөнерші EXPO төрінде бас қосты. Сөрелерде көздің жауын алатын қолөнер бұйымдары, ұлттық киімдер, ерекше әшекейлер мен жаңа жылдық тәттілер самсап тұр.
Наталья Арыстанова, жеке кәсіпкер:
- Бүгін негізі осындай ерке брендті халыққа ұсынайық деп келдік. негізі осыны ашқанға 3 жеті болды бастағалы. Ерке бренді ол кішкенай әле, қиялды оятатын кішкентай қыз балалардың 3-10 жасқа дейін.
Жәрмеңке тек сауда-саттық орны емес, жанға жылу сыйлайтын нағыз мейрамға айналмақ. Қонақтар тақырыптық фотоаймақтарда естелік суретке түсіп, шеберлік сағаттарында қолөнердің қыр-сырын меңгере алады. Сондай-ақ 21 желтоқсанда мүгедектігі бар балаларға арналған ізгілік концерті өтеді. Бұл тек өнер көрсету емес, ерекше қажеттіліктері бар бүлдіршіндердің таудай талантын паш етіп, олардың қоғаммен етене араласуына мүмкіндік беретін үлкен қадам, дейді ұйымдастырушылар.
Ақерке Тәжібаева, Роза Бағланова атындағы "Қазақконцерт" мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының солисі:
- "QazExpoCongress" ұлттық компаниясының ұйымдастыруымен жаңа жыл қарсаңында кереметтей іс-шаралар. Бұл шарада 250 балалар өнер көрсетеді. Ерекше балалар үшін көптеген бағдарлама әзірленіп жатыр.
Айта кетейік, қонақтар арасында 10 жаңа жылдық себет ойнатылады. Сондай-ақ Аяз Ата мен Ақшақардың келуі мерекенің ең асыға күткен сәті болмақ.
Наргиз Бекмағанбетова, Арман Ақшабаев, Досхан Қораз