Рушылдық тенденция — қоғам ішінде мемлекеттік ойлау қабілетін коррозияға ұшыратып, мемлекеттілікті шашыратуға әкелетін қауіпті құбылыс. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров мәлім етті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
— Ата-бабамыздың қайтпас қайсарлығы мен қажымас күресінің нәтижесінде келген Тәуелсіздікті сақтап тұру үшін бізге бірлік, тұтастық, ынтымақ қажет. Алайда соңғы кездері қоғамда бірлік пен тұтастықты нығайтудан гөрі, халықты жікке бөлуге бейім үдеріс күшейіп келеді. Жекелеген контент өндірушілер мен кәсіпкерлер рулық сананы жалаулатып, күнделікті тұтынатын футболка мен шапандарға ру атауын жазып, оларды «бренд» немесе «маркетингтік өнім» ретінде сатылымға шығарып жатыр. Әлеуметтік желілерде жастарға рушылдық психологияны таңатын контент шектен шығып кетті, — деді Е. Саиров Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында.
Оның айтуынша, ұлттың бірлігін ішінен құртатын қауіпті тенденция киноға да жетті.
— Жуырда «Руың кім?» деген фильм прокатқа шығыпты. Бұл арқылы кино түсірушілердің не айтпақ болғаны түсініксіз?! Тіпті, бұл фильмді жарнамалау үшін жасалған арнайы экзпозицияда руға бөлінуді қойып, Қазақстанның картасын үш жүзге бөліп қойғанды көрдік. Бұл не деген бассыздық? Біртұтас мемлекет идеясы қайда? Қазақтың руларын салыстыратын, кемсітетін фильмдердің мақсаты қандай?Ол – ұлт үшін ең сезімтал тақырыпты айқайлатып әлеуметтік контент, кино тақырыбына айналдырып, көрермен жинау. Түбі — бұл жақсылыққа әкелмейді. Творчестволық бостандық қажет. Бірақ творчестволық бостандық мына алай-дүлей заманда ұлттың бірлігін бұзып, мемлекеттіліктің тамырын қиюға қабілетті деңгейге шықпауы тиіс.
Жасөспірімдер үшін кино және медиаконтенттің тәрбиелік ықпалы жоғары екенін ескерсек, бұл мәселеге бейжай қарауға болмайды. Рушылдық тенденция — қоғам ішінде мемлекеттік ойлау қабілетін коррозияға ұшыратып, мемлекеттілікті шашыратуға әкелетін қауіпті құбылыс, — деді депутат.
Осыған байланысты Е. Саиров келесі шараларды қабылдауды ұсынды: 1. Ақпарат және мәдениет министрлігі жанынан кинопрокатқа шығатын отандық фильмдердің мазмұнын алдын ала көркемдік-эстетикалық, идеологиялық, ұлттық бірлік тұрғысынан сараптайтын тұрақты комиссия құруды іске асыру қажет. 2. «Ұлттық код» және «мәдени ерекшелік» ұғымын желеу етіп, қоғамды бөлшектеуге, рушылдық пен жікшілдікті насихаттайтын әрекеттерге нақты тосқауыл қою керек.3. Мәдени салада, әлеуметтік желіде Қазақстанның барлық халықтарының бірлігін көрсететін, жалпыұлттық «Біз Қазақпыз» деген мағынадағы контентті көбейтуге кірісу қажет.