Бүгін, 29 мамырда, Астанада халықаралық деңгейдегі маңызды оқиға – Астана халықаралық форумы (AIF) өз жұмысын бастады. Форумның биылғы тақырыбы: «Connecting minds, shaping the future» – яғни, «Ойларды тоғыстыру, болашақты қалыптастыру».
Форум жұмысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен пленарлық отырыспен ашылды. Президент өз сөзінде қазіргі геосаяси жағдайда ынтымақтастықтың, бейбітшілік пен сенімге негізделген жаңа көпжақты серіктестіктер құрудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Астана халықаралық форумы – жаһандық өзгерістер жағдайында халықаралық диалог пен ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған бірегей платформа. Биылғы форум үш негізгі бағытты қамтиды:
-
Сыртқы саясат және халықаралық қауіпсіздік
-
Энергетика және климаттың өзгеруі
-
Экономика және қаржы
Форум аясында екі күн ішінде 40-тан астам панельдік сессиялар, бейресми пікірталастар мен кездесулер өтеді. Қатысушылар мемлекетаралық ынтымақтастықтың жаңа үлгілерін талқылап, орнықты даму, жасыл экономика және технологиялық интеграция бойынша ұсыныстарды ортаға салады.
Форумға 70-тен астам елден 7000-нан аса қатысушы тіркелген. Олардың қатарында мемлекет және үкімет басшылары, халықаралық ұйымдардың жетекшілері, жаһандық корпорациялардың басшылары, сарапшылар мен БАҚ өкілдері бар.
Атап айтқанда, форумға қатысып жатқан құрметті тұлғалар:
-
Поль Кагаме – Руанда Республикасының Президенті
-
Гордана Сильяновска-Давкова – Солтүстік Македония Президенті
-
Пан Ги Мун – БҰҰ-ның 8-ші Бас хатшысы, Жаһандық жасыл өсу институтының президенті
-
Ален Берсе – Еуропа кеңесінің Бас хатшысы
-
Цюй Дунъюй – БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) Бас директоры
-
Эми Э. Поуп – Халықаралық көші-қон ұйымының (МОМ) Бас директоры
-
Дарен Танг – Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ВОИС) Бас директоры
-
Каха Имнадзе – БҰҰ-ның Орталық Азия бойынша превентивті дипломатия орталығының басшысы
Форум – ықпалды диалог алаңы
Форум қатысушылары Еуропа, Орталық Азия, Таяу Шығыс пен Африка елдерін қамтитын әртүрлі аймақтардан келген. Бұл АИФ-тің географиялық ауқымының кеңдігін ғана емес, сондай-ақ оның жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге әсер ете алатын беделді алаң екенін көрсетеді.
Астана халықаралық форумы – бұл тек пікір алмасу емес, болашақты бірлесе құруға, ортақ сын-қатерлерге жаһандық жауап іздеуге арналған маңызды бастама. Қазақстан осы арқылы халықаралық ынтымақтастықты ілгерілетудегі өз рөлін нақтылап отыр.
Қытай мен АҚШ арасындағы ықтимал сауда қақтығысы жаһандық экономикаға ауыр соққы болуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов Астана халықаралық форумының клуарында мәлімдеді.
Бұл – барлық экономика үшін өте жаман. Қытай – біздің ең ірі сауда серіктесіміз. Егер соғыс басталса, бұл бізге де тікелей әсер етеді. Мұнай, металлургия және ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы төмендеуі мүмкін. Сондықтан біз сауда соғыстарына қарсымыз. Бұл – ойластырылмаған шешім, – деді ол.
Тұқымов сонымен қатар жасанды интеллекттің маңызына тоқталды. Оның айтуынша, алдағы 3–4 жылда бұл сала адам өмірінің барлық аспектісіне әсер ететін шешуші факторға айналады.
Қазір жасанды интеллекттің әлеуеті толық бағаланбай отыр. Бірақ бұл медицинадан бастап, күнделікті өмірімізге дейін енеді. Жасанды интеллект сіздің жеке дәрігеріңізге айналуы мүмкін, – деді ол.
Оның пікірінше, саяси тұрақсыздық тікелей экономикалық ахуалға ықпал етеді.
Трамп тариф енгізген сәттен бастап көптеген салада жағдай нашарлады. Бүгінде әлем өзара тәуелді. Қазақстан жаһандық экономикада ықпалы күшті ел болмаса да, әділетті әлемдік тәртіп орнатуда маңызды рөл ойнай алады, – деді Тұқымов.
Сондай-ақ сарапшы БҰҰ реформасына қатысты бастамаларды тыңдауға шақырып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсыныстары осы бағытта ерекше мәнге ие болатынын атап өтті.
Бахрейндік журналист, сарапшы Набиль Аль-Ассуми Астана халықаралық форумының әлемдік тұрақтылық пен экономикалық ынтымақтастықты нығайтуда маңызды рөл атқаратынын айтты. Бұл туралы ол форум кулуарында мәлімдеді.
Бүгінде халықтар жаңа халықаралық қатынастар жағдайында экономикалық байланысты нығайтуға мүдделі. Мұндай байланыс тек экономикамен шектелмей, саяси, мәдени, спорттық бағыттарда да дамуы керек. Осы форумның барысында әлем үшін маңызды мәселелер көтеріледі деп сенеміз, – деді ол.
Аль-Ассуми форум аясында бірқатар келісімдердің қабылданатынын атап өтті. «Қатысушылар бірнеше келісімге қол қойып, болашақта бірлесіп жұмыс істеуге жол ашады», – деді спикер.
Бахрейннен келген сарапшы бұл форумға ҚР Сыртқы істер министрлігінің шақыруымен қатысып отыр. Оның айтуынша, форум барысында екіжақты ынтымақтастыққа қатысты кездесулер өткізу жоспарда бар. Сондай-ақ, ол Қазақстан мен Бахрейн арасындағы болашақ энергетикалық ынтымақтастықтың әлеуетіне тоқталды.
Бахрейн – мұнайлы ел. Бірақ тек мұнаймен шектелмей, алюминий, металлургия, химия өнеркәсібі салаларында да әріптестік орнатуға болады. Бұл бағыттар екі ел арасындағы сауда мен экономикалық байланыстарды кеңейтуге негіз бола алады, – деді Набиль Аль-Ассуми.