Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылы басталған «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру барысы талқыланды.
Жиынға Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев, Индустрия және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов сондай-ақ өңір әкімдері мен әкім орынбасарлары онлайн режімде қатысты. Кездесудің негізгі тақырыбы – бастапқы медициналық-санитарлық көмек нысандарын салу, орталық аудандық ауруханаларды жаңғырту және оларды білікті кадрлармен қамтамасыз ету бағыттарын қамтитын «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының іске асуы болды. Бүгінде жоба аясында салынады деп әуелден жоспарланған 655 нысанның 645-нің құрылысы аяқталған. Бұл жоспардың 98%-ын құрайды. Оның ішінде 226 нысан бұрын медициналық инфрақұрылым болмаған ауылдарда салынған. Ал 419-ы ескірген ғимараттар орнына тұрғызылыпты. Сонымен қатар жоба аясында қалған 10 БМСК нысаны жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Аида Балаева облыс әкімдіктеріне құрылыс-монтаж жұмыстарын, жобалық жұмыстарды дер кезінде аяқтап, әкімшілік кедергілерді жоюды тапсырды.
«Барлық бағыт бойынша қатаң әрі жүйелі бақылауды қамтамасыз ету қажет. Әр облыс бойынша бекітілген графикті бұлжытпай орындап, барлық кезеңінде қадағалау және міндеттемелердің толық орындалуына қол жеткізу маңызды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бағдарлама нәтижесіне қатысты нақты әрі толық ақпарат берілуге тиіс. 2026 жыл – жауапты кезең, сондықтан формалды есеп емес, нақты нәтижелер мен жергілікті жердегі расталған бақылау қажет», деді Премьер-министрдің орынбасары.
Сонымен қатар жобаның екінші бағыты – инсульт орталығы, ТКА орталығы, перинаталдық орталық, травматология, хирургия және медициналық оңалту бөлімшелері бар 32 жаңғыртылған орталық аудандық аурухананы пайдалануға беру мәселесі қаралды. Баяндамаға сәйкес, 14 нысанда жұмыс аяқталған, тағы 24 аурухана қайта жаңарту немесе күрделі жөндеу кезеңінде. Талқылауда ауылдық денсаулық сақтау нысандарын медициналық кадрлармен қамтамасыз ету маңызды мәселелердің бірі болды. Ұлттық жоба аясында 1100 медицина қызметкерін даярлау қарастырылған.
«Инфрақұрылым салу – маңызды қадам, алайда шешуші фактор – кадр мәселесі. Нысандардың тиімді әрі сапалы жұмысы тікелей медициналық мамандардың даярлығы мен олардың қолжетімдігіне байланысты. Бүгінде мамандар тапшылығы ауылдық жерде ғана емес, ірі қалаларда да байқалады. Медициналық нысандарды пайдалануға беру персоналды толықтырудың нақты алгоритмімен және көрсетілетін қызметтің көлемі мен сапасын нақты түсінумен қатар жүруге тиіс. Кейінгі жылдардағы экономикалық қиындықтарға қарамастан, елімізде денсаулық сақтау жүйесін дамытуға ауқымды инвестициялар салынып жатыр. Бұл жобалардың нәтижесі барлық сын-пікірлерге берілген нақты жауап. Сондықтан нысандарды салумен ғана шектелмей, олардың қанша адамды қамтитынын, қандай нақты пайда әкелетінін халыққа жеткізу маңызды. Азаматтардың денсаулығы – елдің адам капиталы мен стратегиялық әлеуеті. Мемлекет қабылдап жатқан іс-шаралардың барлығы осыған бағытталған», деп атап өтті Аида Балаева.
Жиынды қорытындылай келе, Премьер-министрдің орынбасары бірқатар тапсырма берді. Атап айтқанда, жыл соңына дейін жұмысты аяқтауға тиіс өңірлер бойынша қосымша тексеру жүргізіп, нақты бақылау нәтижелері туралы есеп ұсынуды; бекітілген жұмыс кестелерін қатаң сақтап, әр облыс бойынша егжей-тегжейлі жоспар-графиктерді әзірлеп, олардың орындалуын тұрақты бақылауды; бірінші, екінші және үшінші бағыттар бойынша толық әрі уақтылы жұмыс жүргізу, жыл соңына дейін алынған міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету, әр жағдай бойынша міндетті түрде ақпарат беруді; 2025 жылдың қорытындысы бойынша бағдарлама нәтижелері жөнінде өңірлер бойынша нақты әрі толық ақпарат ұсынуды тапсырды.