Мәншүк Мәметова атындағы Орал халықаралық әуежайы Өзбекстанның ең ірі жеке әуекомпаниясы Centrum Air-мен ынтымақтастықты бастады. Әуежай баспасөз қызметінің хабарлауынша, Орал – Ташкент бағытындағы тікелей рейстер 2026 жылдың 29 наурызынан бастап ұшады, деп хабарлайды Egemen.kz.


Әуе қатынасы аптасына екі рет болады, араға Airbus A320 лайнері қатынамақ. Жаңа бағыт бойынша билет құны Оралдан Ташкентке 40 мың теңгеден, кері бағытта 55 мың теңгеден басталады. Билеттер әуекомпанияның сайтында қазірдің өзінде сатыла бастады.

Оралдық жолаушылар енді Ташкент арқылы ыңғайлы транзиттік мүмкіндіктерді де пайдалана алады: саяхатшылар болашақта маршрутты Дубай, Денпасар (Бали), Сеул, Доха, Ыстықкөл, Дели, Мале және Centrum Air-дің маршруттық желісіндегі басқа танымал халықаралық бағыттарға оңай жалғастырып кете бермек.

«Мереке күндерін әсерлі саяхатқа жалғау үшін әуекомпаниямен келісім жасап, қосымша екі күнге – 23 және 25 наурызға билет сатыла бастады. Біз қолжетімді күндер санын көбейтеміз, сол арқылы сіз демалу мүмкіндігіңізді арттырасыз», дейді әуежай әкімдігі.

Әрине, Орал әуежайының бұл жаңа бағыты Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытып, халықаралық туризмді қол жетімді және ыңғайлы етері анық.