Елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару есебінен Қызылорда облысында бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Олардың қатарында жаңа медициналық орталықтар салу, сондай-ақ шалғай елді мекендерді орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосу жобалары бар.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Қызылорда облысының Арал ауданындағы Ерімбетжаға және Тоқабай елді мекендері орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылды. Бұған дейін бұл елді мекеннің мыңнан астам тұрғыны тіршілік нәрін құдықтан тасып ішіп келсе, енді әр үйге таза су құбыры тартылды. Мамандардың айтуынша, бұл мақсатқа бөлінген қаржының бір бөлігі қайтарылған активтер есебінен алынған. Мемлекет басшысы елімізді 2025 жылға қарай 100 пайыз сапалы ауызсумен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Осыған сәйкес ауызсумен қамту көрсеткіші 98,6 пайызға жеткен. Биыл өңірде тоғыз елді мекенге таза су жеткізу жоспарланған.

Медет Усаин, Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

- Қазір тоғыз жобаның сегізінде құрылыс жұмыстары толық аяқталып, сегіз елді мекенге ауызсу беріліп отыр. Бізде соңғы елді мекен Абай. Бұл елді мекенде қазіргі таңда жұмыстар аяқталу барысында. Жыл соңына дейін толық аяқтайтын боламыз. Нәтижесінде, Қызылорда облысының барлық елді мекендері 100 пайыз ауызсумен қамтамасыз етілетін болады.

Мұнан бөлек өңірде қайтарылған активтер есебінен Қазалы, Жаңақорған, Шиелі, Арал аудандарындағы орталық ауруханалар жанынан қосымша ғимарат салынады. Жоба жүзеге асқаннан кейін ауылдық елді мекендегі 300 мыңнан астам адам арнаулы медициналық көмекке қол жеткізеді.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев