Елімізде алғашқы әскери дайындық ережелері жаңартылды, деп хабарлайды 24KZ. Жаңа қағида болашақ сарбаздарды даярлау сапасын арттыруға бағытталған.
Енді мектептердегі алғашқы әскери дайындық сабағын педагогикалық білімі және әскери қызмет өткеру тәжірибесі бар азаматтар ғана жүргізе алады. Кемінде 10 жыл еңбек сіңірген сала мамандарына әскери оқу орындарының базасында тегін педагогикалық қайта даярлау енгізіледі. Бастама кадрлық базаны нығайтып, оқушылардың пәнге деген қызығушылығын һәм сенімін арттыруға мүмкіндік жасамақ. Қорғаныс министрлігі бекіткен ережеде әскери бөлімдердің рөлін кеңейту, оқу-далалық жиындардың практикалық құрамдас бөлігін күшейту қарастырылған.
Нұрдәулет Анарбеков, алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі:
- Сабақ арқылы жастар өз отанын сүюді, тәртіп пен жауапкершілікке үйренеді. Сонымен қатар әскеріміздің тарихы мен дәстүрлерін жеткізуге тырысамыз. Біз бүгін жастарды еліміз үшін жауапты батыл азамат етіп тәрбиелейміз. Болашақта ел қауіпсіздігі мен бейбітшілігіне өз үлесін қосуға дайын болуы керек.