Түркістан қаласында жұмысқа орналастырылған азаматтардың жалақысын субсидиялау мақсатында бөлінген бюджет қаражатын заңсыз пайдалану фактісі бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Құзырлы органдардың тергеуі барысында «Еңбек мобильділігі орталығы» және бірқатар коммерциялық ұйымдардың бұрынғы қызметкерлері мен басшылары жалған жұмыс орындарын жасап, бюджет қаржысын заңсыз иемденгені анықталды.

Тергеу мәліметтері бойынша, орталық қызметкері кәсіпкерлердің электрондық цифрлық қолтаңбаларын пайдаланып, мемлекеттік бағдарламаларға өтінімдер берген. Өтінімдерде жалған лауазымдар көрсетілген, олар мақұлданған соң, нақты жұмыс атқармаған адамдарға қатысты қызметтік бұйрықтар рәсімделген.

Кәсіпкерлер өз таныстары мен туыстарын тарту арқылы банктік шот ашуды ұсынған. Шын мәнінде, бұл шоттар жалған жұмысшылардың жалақысын аудару үшін қолданылған. Ай сайын жалған еңбек уақытын есепке алатын табельдер толтырылып, қаражат шоттарға түсіп отырған. Кейін алынған ақшалар қолма-қол ақшаға айналдырылады және схемаға қатысушылар арасында бөлінген.

«Нәтижесінде 78 адам жалған еңбекке орналастырылған. Мемлекетке келтірілген залал 49 млн теңгеден асты. Соттың үкімімен үш кінәліге 4 жыл 6 айдан 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Екі кәсіпкерге 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы белгіленді», делінген ҚМА хабарламасында.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.