Талғар ауданында учаскелік инспектор қызметінен босатылды. Ол ер адамның өлімі мен бала ұрлану оқиғасына әкеп соққан әрекеті үшін айыпталып отыр, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мән-жайы
Алматы облысы прокуратурасының мәліметінше, учаскелік инспекторға қатысты екі бап бойынша қылмыстық іс қозғалған:
- ҚР ҚК-нің 371-бабы, 2-бөлігі — Абайсызда ауыр зардаптарға әкеп соққан салғырттық;
- ҚР ҚК-нің 369-бабы, 2-1-бөлігі — Құқық қорғау органы қызметкері жасаған қызметтік жалғандық жасау.
Прокуратура тергеу аяқталғанын растады. Инспектор 2025 жылғы 4 қарашада, оқиғадан кейін екі айдан аса уақыт өткен соң ішкі істер органдарынан жұмыстан шығарылған.
Учаскелік инспекторға тағылған айып
Жәбірленуші отбасының адвокаты Жандос Палмановтың айтуынша, 3 қыркүйекте, трагедиядан үш күн бұрын учаскелік инспектор әйелдің үйіне шақыртумен барған. Сол күні үйге мылтық ұстаған ер адам келген.
Адвокаттың сөзінше, инспектор сол күні қорғау нұсқауын рәсімдеп, оған жәбірленушінің жалған қолтаңбасын қойған.
"Сараптама бұл қолтаңба жәбірленушіге тиесілі емес екенін анықтады", — деді адвокат.
Трагедия қалай болды?
Еске салайық, 6 қыркүйекте сол ер адам әйелдің ағасын атып өлтіріп, екі сыбайласымен бірге оның екі жасар қызын ұрлап кетті. Кейін арнайы жасақ баланы құтқарып, анасына тапсырды. Күдікті ұсталды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!