Атырауда «Шығыс пен Батыс тоғысқан Сарайшық: Ұлы даладағы тарих және мәдениет» атты халықаралық ғылыми симпозиум басталды . Алқалы жиынға Мәдениет және Ақпарат министрлігі мен Түрксой ұйымының өкілдері, Сенат және Мәжіліс депутаттары мен отандық және шетелдік ғалымдар қатысып жатыр.
Мақсат – нысанды жан-жақты зерттеу, ғалымдар арасында мәдени қарым-қатынасты нығайту және көне Сарайшық қаласын ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізу.
Симпозиумнің ашылу салтанатында өңірдегі тарихи қорғандардан табылған құнды жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды. Кейін АҚШ, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Әзірбайжан елдері мен еліміздің әр өңірінен келген ғалымдар, археологтар, жергілікті мамандар баяндама жасап, ортағасырлық Сарайшық қаласының тарихына қатысты зерттеулерін ұсынды.
Александр Қадырбаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор:
- Сарайшық – қазақ мәдениетінің ажырамас бөлігі. Қазақтың қандай болғанын айшықтайтын мекен. Мұндағы қалалық мәдениеттің қалыптасуы да Алтын Орданың үлкен мемлекет болғанын дәлелдейді.
Қазір «Сарайшық» қаласын қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Шаһардың «Батыс қақпасы» салынып бітті. Енді «Хан моласын» жаңарту қолға алынады.
Нұрболат Мұратбеков, «Қазқайтажаңарту» РМК директорының орынбасары:
- Ең басты тарихи құндылығын сақтай отырып, консервациялық жұмыстар жасалып және де алдағы уақытта болашақ ұрпаққа сақтап қалу мақсатында консерваторлық навеспен үстін қаптаймыз.
Сарайшық қаласын қалпына келтіріп, оны дәріптеу үшін тарихи деректерді жинау маңызды. «Көне қаланы ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізу үшін жүйелі зерттеу керек», — дейді мамандар.
Әбілсейіт Мұқтар, Сарайшық Мемлекеттік Тарихи-Мәдени Музей-Қорығының Директоры:
- Ресей мұрағаттарын толықтай зерттеп болдық деп айта аламыз. Сарайшыққа қатысты. Ендігі алдымызда әлемге шашыраған тарихи деректерді зерттеу басты мақсат болып тұр. Соның ішінде Еуропада, Түркияда деректер бар. Ал осы деректерді елге алдырту — кезек күттірмейтін іс.
Халықаралық ғылыми симпозиум ертең көне Сарайшық қаласында жалғасады. Жиынға қатысушылар визит-орталықты көріп, қазба және қалпына келтіру жұмыстарымен танысады.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин