Тоқаевтың Вашингтонға сапары аясында бірнеше маңызды келісім жасалды. Мамандар уағдаластықтар ел экономикасына жаңа серпін береді деген пікірде.Сондай келісімнің бірі елде сирек метал кендерін игеру.
Қазақстан мен АҚШ аса маңызды минералдар саласы бойынша бірнеше келісімге келді. Қос тарап қол қойған құжаттардың бірі Қарағанды облысындағы вольфрам кен орнын игеру. Себебі еліміз осы сирек металл өндірісін дамытуға ниетті.
Нұрлан Құлбатыров, Qaztrade АҚ бас директорының орынбасары:
- Бұдан бөлек, басқа да сирек кездесетін минералдарға қызығушылық бар. Бұл тек қана АҚШ емес, Европа, Қытай, өзге де алпауыт елдердің қажеттілігі үшін. Сондықтан да менің ойымша, алдағы уақытта Қазақстан осы салаға инвестиция тартуға мүдделі. Яғни осы тек қана шикізат түрінде ғана емес, сонымен қатар өңделген, полуфабрикат түрінде нарыққа шығару.
Қазақстан қазірдің өзінде уран өндірісі бойынша көш бастап тұр. Биылғы сегіз айдағы еліміздің экспорты 2,4 млрд АҚШ долларына жетті. Сонымен қатар соңғы үш жылда Орталық Азия өкілдері экономикалық байланыстың жаңа бағытын қалыптастырып келеді.
Ауқымды логистикалық бастама
Нұрболат Нышанбаев, саясаттанушы:
- Осыған дейін дәстүрлі түрде Орталық Азия өзінің экспортын Ресей арқылы Еуропаға жіберетін болса, жалпы Ресейді транзиттік аймақ ретінде қалыптастырсақ. Соңғы кездері Ресейге қарсы жарияланған санкциялар, мына Украинаға байланысты мәселелердің ушығуы қазір Орталық Азия елдеріне, Қазақстанға Ресейсіз Еуропаға тікелей тауар тасымалдайтын бағыт қалыптастырып берді.
Қазір еліміз бұл дәліздің өткізу қабілетін арттыруға күш салып жатыр. Арнайы жоспарда теміржол желілерін жаңарту және қосымша желілер салу, порттар мен контейнерлік терминалдарды кеңейту қарастырылған. Биыл соның бірқатары жүзеге асты.
Дина Бейсебай, KTZ Express АҚ логистика департаментінің директоры:
- Ақтау портында контейнерлік хабтың бірінші кезеңі ашылды. Бұл жоба Ляньюньган портымен, Ақтау теңіз сауда портымен бірлесіп, іске асырылып келді. Бұл хаб тек қана сақтау мүмкіндігін арттырып қана қоймай, теміржол, автокөлік және теңіз көлігін бір желіде біріктіреді.
Қазақстан алдағы жылдары контейнер тасымалы көлемін 3-6 есе арттыруды көздеп отыр. Халықаралық даму институттары бұл жобаларға қаржы салуға ниетті.
Авторлары: Серік Селеубаұлы, Мерей Талап