«Орталық Азия – АҚШ» саммиті кезінде журналистер Дональд Трампқа Қазақстанмен ынтымақтастыққа қатысты бірқатар сұрақ қойды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

— Қазақстан мен АҚШ жалпы құны 17 миллиард долларды құрайтын келісімдер жасады. Ол авиация, минералды ресурстар және цифрлық технологиялар секілді бағыттарды қамтиды. Сіздің ойыңызша, бұл серіктестіктің қай саласы маңызды? Екінші сұрақ. Трамп мырза, Сізді Қазақстанға келген алғашқы АҚШ Президенті деп қашан айта аламыз? Біздің елге қонақ болу жоспарыңызда бар ма? – деген сұрақ қойды журналист.

АҚШ Президенті Дональд Трамп Қазақстанмен серіктестіктің барлық саласы маңызды екенін айтты. Сонымен қатар Қазақстанға келуі мүмкін екенін жеткізді.

– Бұл әбден мүмкін (Қазақстанға сапармен келу – ред). Барлық сала өте маңызды деп санаймын. Бір жылдан кейін не болатынын білмейміз. Сіздің табиғи ресурсқа бай еліңіз, сондай-ақ парасатты Президентіңіз бар, — деп жауап берді АҚШ Президенті Дональд Трамп.