Астана әкімдігінің хабарлауынша, 28 қазаннан бастап Д.Қонаев көшесімен көлік қозғалысы қайта ашылды . Қозғалыс Тұран даңғылы мен Қабанбай батыр даңғылының арасындағы учаскеде қалпына келтірілді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қала әкімдігінің хабарлауынша, жолдың жерүсті бөлігіне жүргізілген негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, жаңа жол жамылғысы төселді, жол таңбалары сызылып және барлық қажетті белгілер орнатылды. Қазіргі таңда көпір өткелінің үстіңгі бөлігі мен оған іргелес аумақта әрлеу және абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр.
«Осы учаскеде қозғалыстың қайта ашылуы елорданың орталық аудандары арасындағы көлік байланысын айтарлықтай жақсартып, көршілес магистральдарға түсетін жүктемені азайтуға және қала тұрғындары мен қонақтарының жолға кететін уақытын қысқартуға мүмкіндік береді», делінген хабарламада.