Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістан қаласында 25 қазан – Республика күніне арналған "Қыран елім – Қазақстаным!" салтанатты іс-шарасы өтті. Мерекелік іс-шараға қатысушылар алдымен Алаш қайраткерлерінің отты ойларын тыңдап, өңір өнерпаздарымен бірге Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын шырқады, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Маңызды іс-шараға қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жұртшылықты айтулы мерекемен құттықтап, өңірдің дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан бір топ азаматты марапаттады.

Түркістанда Республика күніне арналған іс-шара өтті. Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

"Сіздерді Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – халқымыздың сан ғасырлық арманы орындалған күн. 1990 жылдың 25 қазанында қабылданған Декларация – еліміздің еркіндікке жасаған алғашқы нақты қадамы. Бүгінде біз әлемге тәуелсіз, бейбіт, біртұтас және дамушы мемлекет ретінде танылдық. Елдігіміз анықталып, шекарамыз белгіленді.

Жарқын болашаққа сеніммен қадам басып келеміз. Бұл – бірлік пен парасаттың жеңісі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы Жолдауында ел дамуының жаңа басымдықтарын айқындады. Цифрлық даму, инвестиция тарту, экономиканы әртараптандыра отырып, шикізаттық сектордан терең өңдеуді дамытуды тапсырды. Мемлекеттік басқару, білім беру мен денсаулық сақтау жүйесін жасанды интеллект арқылы жаңғыртуды жүктеді. Сонымен бірге цифрлық технологияларды агроөнеркәсіп пен өңірлік экономикаға енгізу міндетін де жүктеп отыр.

Осыған сәйкес Түркістан облысында да нақты шаралар қолға алынды. Біздің басты мақсатымыз – халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыру. Бүгінде Түркістан тек киелі шаһар ғана емес, стратегиялық маңызды өңірге айналды. Біздің алдымызда тұрған міндет – осы тарихи мүмкіндікті толық пайдаланып, Түркістанды тек облыс орталығы ғана емес, ел экономикасына серпін беретін аймаққа айналдыру. Бұл үшін біз бірлігімізді бекемдеп, елдік мүдде жолында жұмыла еңбек етуіміз қажет. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Түркістанымыз нұрлы болсын!", – деді Нұралхан Оралбайұлы.

Түркістанда Республика күніне арналған іс-шара өтті
Түркістанда Республика күніне арналған іс-шара өтті. Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Салтанатты іс-шарада облыс әкімі Нұралхан Көшеров еңбегімен дараланған еңбек адамдары мен мемлекетті дамытуға үлес қосып жүрген қайраткер азаматтарды марапаттады. Атап айтқанда, "Парасат", "Құрмет" ордендері мен "Ерен еңбегі үшін", "Шапағат" медальдарын тапсырды.

Марапатталғандардың қатарында еңбек ардагерлері, мұғалімдер мен дәрігерлер, мәдениет және бизнес өкілдері, бақташылар мен машинистер бар. Сонымен қатар салтанатты шарада облыс әкімі Нұралхан Көшеров Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Төрағасы Дархан Жазықбайдың "Мемлекеттік қызмет ардагері" төсбелгісімен Мақтаарал ауданының әкімі Асанов Бақыт Насырханұлын марапаттады.

Мемлекет басшысы халыққа биылғы Жолдауында инвестиция тарту жүйесін жаңғыртуды тапсырған болатын. Облыста қолайлы инвестициялық климат қалыптасқан. Облыс экономикасының дамуына тың серпін беретін жалпы құны 2,6 трлн теңгені құрайтын 111 инвестициялық жоба пулы қалыптасты. Негізгі бағыттары – өңдеу, энергетика және ауыл шаруашылығын терең қайта өңдеу.

Жобаларды толық іске асыру нәтижесінде 24 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылып, бюджетке қосымша 100 млрд теңге салық түседі. Биыл 332 млрд теңгеге 57 жобаны іске асырып, 8 174 жұмыс орнын ашу жоспарланған. 9 айда 33 жоба іске қосылып, 4793 жұмыс орны ашылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 9 айда өңір экономикасына 1 трлн теңге инвестиция бағытталып, 115,9 пайызға өсті.

Түркістанда Республика күніне арналған іс-шара өтті
Түркістанда Республика күніне арналған іс-шара өтті. Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы ел дамуының негізгі секторы – қуатты өнеркәсіп әлеуетіне негізделген және әртараптандырылған экономиканы құру қажеттілігін айқындап өтті. Өңірдің индустриализация әлеуетін дамыту мақсатында 20 индустриалды және 3 арнайы экономикалық аймақ, шағын өнеркәсіптік парк құрылған. Индустриалдық аймақтарда құны 152 млрд теңгені құрайтын 98 инвестициялық жоба іске асырылуда.

Жалпы өнеркәсіп саласында атқарылған шаралардың есебінен 9 айда 1,1 трлн теңгеге өнеркәсіп өнімі өндіріліп, өсім 113,5 пайызға жетті. Өңір экономикасының маңызды саласы ауыл шаруашылығында өнім 855 млрд теңгені құрап, өсім 101,5 пайыз деңгейінде болды. Өндірілген өнім бойынша Түркістан облысы – республикада көшбасшы.

Президент 2025 жылы жалпы экономиканың 7 пайыз өсімін қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Осы межеге жету жолында өңірде айтарлықтай ілгері қадам жасап келеді. Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша оң динамика байқалады. Қысқа мерзімде экономикалық өсім 114,8 пайызға жетті. Бұл – республикадағы жоғары көрсеткіштердің бірі. Барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштің оң өсіміне қол жеткізілді.

Түркістанда Республика күніне арналған іс-шара өтті
Түркістанда Республика күніне арналған іс-шара өтті. Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Салтанатты іс-шара мерекелік концертке ұласты. Облыс өнерпаздары көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлап, мың бұралған бишілер өнерімен тәнті етті. Атап айтқанда, Сая Махамбет, "Абырой" тобы, әзірбайжандық Лейла Алиева, Руслан Ақынбеков және өзге де әншілер рухты көтеретін әндер шырқап, Республика күнінің мәнін аша түсті.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз