Жамбыл аудандық соты екі мемлекеттік қызметкерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы бұзғаны үшін айыппұл тағайындады. Бұл туралы соттың баспасөз қызметі хабарлады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Іс материалдарына сәйкес, екі жағдайда да ауылдық округ әкімдері жер телімдерін өз туыстарына бөліп берген. Олар бұл әрекеті туралы басшылыққа хабарламай, мүдделер қақтығысына жол берген.
Атап айтқанда, 2024 жылдың желтоқсанында Полатқошы ауылдық округі әкімінің қайын енесіне (жұбайының анасына) 0,0692 гектар жер телімі бау-бақша өсіру үшін берілген. Араға екі ай салып, бұл жер коммерциялық мақсатқа ауыстырылған.
Ал Қаратөбе округі әкімінің әпкесі 0,1 гектар жерге құқық алған. Сонымен қатар, бұған дейін жалға берілген тағы бір жер телімі оның жеке меншігіне өткен. Сондай-ақ әкімнің қайын атасына 0,35 гектар жер телімі берілген.
Сот аталған әкімдердің мүдделер қақтығысын болдырмау шараларын қабылдамағанын анықтады. Бұл әрекеттері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 680-бабын бұзу болып саналады. Екеуі де кінәсін мойындаған. Сот шешімімен әрқайсысына 275 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Қаулы заңды күшіне енді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!