Ақтөбе халықаралық әуежайына ресейлік Nordwind Airlines әуе компаниясының ұшағы шұғыл қонды , деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ әуежайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әуежай өкілдерінің хабарлауынша, бүгін, 27 мамырда, сағат 12:40-та Ақтөбе халықаралық әуежайына Екатеринбург — Сочи бағыты бойынша NWS504 рейсімен Nordwind Airlines әуекомпаниясының Boeing-777 ұшағы шұғыл қонды.

Жоспардан тыс қону себебі – борттағы жолаушылардың бірінің хәлінің күрт нашарлауы. Әуе кемесіне қонғаннан кейін шұғыл әрекет ету қызметтері мен медициналық бригада жедел түрде жіберілді.

"Өкінішке қарай, барлық қабылданған шараға қарамастан жолаушыны аман алып қалу мүмкін болмады. Жолаушы – 1983 жылғы әйел ұшақ Ақтөбеге қонғанға дейін қайтыс болды", — делінген хабарламада.

Ақтөбе халықаралық әуежайы марқұмның туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтты.

"Біз әуе кемесінің экипажына жердегі қызметтермен кәсіби жұмысы үшін алғыс айтамыз", — делінген баспасөз хабарламасында.

Аталған жағдай бойынша құзыретті органдармен өзара іс-қимылдың белгіленген рәсімі жүргізіліп жатыр.