Сарапшылардың пікірі осындай. Бірақ біз текстиль бұйымдарын былай қойғанда, пластик өңдеу ісін де жарыта қойған жоқпыз. World Population Review зерттеу платформасының мәліметінше, полиэтилен мен пластикті қайта өңдеуден Қазақстан 211 мемлекеттің ішінен 53-ші орында тұр.

Дей тұрғанмен сәтті жобалар жоқ емес. Мәселен, Астанада пластик қалдықтардан сәкі мен қоқыс жәшіктерін өндіретін кәсіпорын жұмыс істеп тұр.

Астанадағы кәсіпорын бес жылдан бері пластик қалдықтарын өңдеп, қаланы абаттандыруға үлес қосып келеді. Мұнда демалып отыруға арналған сәкілер, қоқыс жәшіктері мен өзге де бұйымдар жасалады. Негізгі шикізат – құм, пластик және полиэтилен өнімдері.

Нұрбақыт Елеусізов, бригадир:

- Оларды ұнтақтаймыз. Ұнтақтағаннан кейін оған құм қосамыз. Түсін шығару үшін пигмент қосамыз. 70% бізде құм болады. 30% пластик болады. Бір орындық жасау үшін мына кішкентай пакеттің өзінен бір 500 пакет керек болады.

Осылай өндіріс орны ай сайын 20 тоннадай қоқысты қайта өңдеп шығады екен. Қалдықсыз өнім шығару қағидасын ұстанған кәсіпорын бұйымдарын мектеп маңы мен аулалардан көруге болады. Айта кету керек, елде қалдықтарды қайта өңдеумен айналысатын 19 компания бар. Олар көбіне макулатура, полимер, шыны және алюминий қалбырларынан бұйым жасайды.

Рүстем Өскенбаев, «Жасыл даму» АҚ департаментінің бас менеджері:

- Қатты қалдықтардың арасында тауарлардың қаптамасын жиі кездестіреміз. Морфологиялық құрамына үңілсек онда көбіне қағаз, полимер және шыны материалдары бар. Негізі қоқыс жинайтын компаниялар бөлек, ал оны қайта өңдейтін толық циклды жеке өндіріс орындары болуы тиіс. Әрқайсысы қоқыстың белгілі бір түрін жинап, өңдейді. Қоқыстың әр түріне үкімет арнайы мөлшерлемесін бекіткен. Осыған сәйкес, компаниялар жиналған және қайта өңделген қоқыстың көлемі бойынша есеп береді. Біз сол есеп бойынша төлемақы береміз.

Елде қатты қалдықтарды жинау, утильдеу және қайта өңдеумен айналысатын 70 компания жұмыс істейді. Бірі қоқыс көлемін азайту және оны жоюмен айналысса, басқасы одан түрлі өнім өндіреді. Өкінішке қарай, Қазақстанда әзір текстиль бұйымдарын қайта өңдейтін кәсіпорын жоқ.

Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:

- Текстиль қалдықтарын біз бүгінге дейін ондай жобаларды қарастырып жатқанымыз жоқ. Себебі оның көлемі де аз. Бірақ нарықта ондай компаниялар бар. Осы Алматының өзінде жылына 100 тонна текстильдің қалдығын өңдейтін үлкен өндіріс ашылды. Бұны да қарастыру керек. Себебі халық жылдан жылға затты көп алады ол да мәселе жалпы талқылауда.

Экология және табиғи ресурстар министрінің айтуынша, алдағы үш жылда қоқыстың 40 пайызын қайта өңдеу мақсатында 67 жоба әзірленді. Бүгінде оларға 345 млрд теңге қарастырылған. 14 өндіріске 52 млрд теңге бөлініп те қойды. Енді жыл соңына дейін осы кәсіпорындар іске қосылмақ.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Әсем Утешева, Ырыстанбек Оспанов