Өзбекстанда тоғыз айдың қортындысы бойынша шетелден импортталатын тауар көлемі былтырғы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 14 пайызға өсті. Әсіресе азық-түлік пен шетел көліктерінің үлесі артты. Сарапшылар: «Бұл үдеріс жалғаса берсе, импорт тәуелділігі отандық кәсіпорындардың тынысын тарылтады», — дейді. Ал үкімет шетелден тауар кірмесе, экспортты дамыту мүмкін емес екенін алға тартады.
Өткен тоғыз айдың көрсеткіші бойынша Өзбекстан Қазақстаннан 40 мың тоннадан астам ет өнімдерін импорттаған. Оның жалпы соммасы 100 млн доллардан жоғары. Бұл өткен жылғы тауар көлімімен салыстырғанда, 3 есеге артып отыр. Осылайша ресми Ташкент Қазақстан етін сатып алатын негізгі импортерге айналды. Бұдан бөлек ұн өнімдері бойынша да тұтынушылар ішінде алдыңғы орында тұр.
Фарход Алимжанов, Өзбекстан Кеден комитеті стратегиялық жоспарлау басқармасының басшысы:
- Өзбекстан бірнеше жыл бойы жабық ел болды. Біз импортты оңтайландырғымыз келді. Алайда одан түк шықпады. Шетелден тауар сатып алмай экспортты дамыту мүмкін емес екеніне көз жетті. Бізде Қытай тауарларына ең үлкен импорттық тәуелділік бар. Әсіресе технологиясына сұраныс жоғары. Қазақстанмен алыс берісіміз артып отыр. Көрші елдің тауарларына бізде сұраныс жоғары.
Өзбекстан тауар айналымының 50%-дан астамы Қазақстан аумағы арқылы транзитпен өтеді. Әртүрлі көлік түрімен 18 бағыт бойынша жолаушылар тасымалы реттелген. Байланыстарды одан әрі тереңдету үшін екі ел үкіметінің арнайы жоспары бар.
Нодорбек Расулов, экономика ғылымдарының докторы, профессор:
- Қазақстанның Орталық Азияда үлкен сауда саттық потенциалы бар. Бізге сіздерден ет өнімдері, түрлі тәттілер мен ұн сияқты ең қажетті тауарлар келеді. Қазіргідей технология дамыған заманда, импортты тоқтатып, нарықты тек өз өнімдерімізбен толықтырамыз-деген қате түсінік. Бәсекелестік болу керек. Сол кезде халық сапалысын таңдайды.
Дулат Нуркин, тілші
- Қыркүйек айында ғана Өзбекстан жалпы соммасы 114,4 млн долларға қытайдан 12 мыңға жуық көлік импорттаған. Ал бір жылда 600 мың темір тұлпар шекара асты. Әлбетте бұл процесстер отандық көлік зауыттарының бұрыннан қалыптасқан монополиялық саясатын өзгеруге мәжбүр етті. Тұтынушылар азайғасын олар көлік бағасын түсіріп, небір бағдарламалар жасауға мәжбүр болды.
Авторы: Дулат Нуркин