Президент Жолдауда жасанды интеллект пен инновацияны дамытуды мемлекеттің өркендеуіндегі шешуші факторлардың бірі ретінде атап өтті. Бұл кездейсоқ айтылған сөз емес. Ғылымы дамыған, технологиясы өрістеген ел ғана әлемдік бәсекеде алға озады. Ал еліміз үшін бұл бағыт ең негізгі серпіліс болуға тиіс.

Осы орайда көптен бері ойы­мызда жүрген, енді жүзеге асыруға бел буған ұлттық «IQ Test Center» жобасы дәл Президент күткендей инновациялық бас­тама деп нық сеніммен айта аламыз. Инновация деген – қоғамға нақты пайда әкелетін, өмірге енгізілген жаңалық. Ол адамдардың өмір сапасын жақсартуы керек, экономиканы дамытуы қажет, ғылым­ға тың серпін беруге тиіс. Осы тұрғыдан қарасақ, «IQ Test Center» – кәдімгі оқу орталығы емес, ұлттық дең­гей­де интеллектуалдық әле­ует­­ті дамытудың жаңа жолын ұсы­натын ерекше бастама.

«IQ Test Center» неге қажет? Елімізде бүгінде ресми лицензиясы бар IQ орталығы жоқ. Қол­даныс­тағы тестілердің көбі – ше­телдік үлгілер. Олар мәде­­ние­­ті­мізді, тілімізді, ұлт­тық дүние­­­танымымызды ескере бермейді. Бұл – үлкен олқы­лық. Ал бізге ұлттық болмыс­қа бейім­делген, заманауи техно­ло­гиямен толықтырылған жүйе керек. «IQ Test Center» осы олқы­лықтың орнын толтыра­ды: қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде қолжетімді болады; әр адамның қабілет деңгейіне қарай бейімделген тест ұсынады; IQ-мен қатар эмоционалды интеллект (EQ), креативтілік пен кәсіби бейімділікті де анықтайды; жасанды интеллект пен «Big Data» талдау арқылы жеке даму картасын құрастырады.

Бұл – кез келген мектеп пен университетке, жұмыс берушіге, ең бастысы, әрбір ата-ана мен жас ұрпаққа аса қажет құрал. Жобаның тағы бір артықшылығы – оның халықаралық деңгейге шығуға бейімділігі. Біз әлемге әйгілі «Mensa» ұйымымен серіктес­тік орнатуды жоспарлап отырмыз. Бұл азаматтарымыздың интеллектін халықаралық стандартта бағалауға мүмкіндік бере­ді. Сонымен қатар «Astana Hub»-пен әріптестік арқылы жобаға қолдау алу көзделген. Бұл өз кезе­гін­­де еліміздің иннова­­ция­лық эко­жүйесін нығайтып, стар­­тап­қа инвестиция тартуға жол ашады.

«IQ Test Center» – жеке бизнес-жоба емес. Оның әлеуметтік әсері әлдеқайда кең: дарынды жастарды ерте анықтап, олардың жолын ашу; әрбір мектеп түлегінің бейіміне қарай нақты кәсіби бағдар ұсыну; университеттерге студенттердің қабі­лет­терін бағалауда қолдау көр­сету; HR-секторда мамандарды әділ бағалауға мүмкіндік беру; еліміздің ұлттық деректер базасын құрып, ғылымға үлес қосу.

Орталық жеке тұлғаның ғана емес, тұтас ұлттың интеллек­туалдық деңгейін көтеруге қызмет етпек. Қазіргі кезде білім беру мен HR саласында объективті бағалау құралдарына сұраныс артып келеді. Бұл – тек еліміз емес, Орталық Азия деңгейінде де үлкен мүмкіндік. Демек біз­дің жоба ел ішінде ғана емес, аймақ­­тық нарықта да өз орнын таба алады.

Жобаның инновациялық сипаты ерекше: қазақ тілінде бейім­­делген тұңғыш IQ тест әзір­ленеді; ұлттық мәдени ерек­ше­ліктерге негізделген сұрақ­тар жасалады; жасанды интеллект әр адамның деңгейіне қарай бейімделген тест құрастырады; «Big Data» талдау арқылы әрбір қолданушыға жеке даму траекториясы ұсынылады. Бұл Прези­дент­тің халыққа Жол­дауын­да айтыл­ған инновация мен жасанды интеллектіні дамыту бағытына толық сәйкес келеді.

Біз ұсынып отырған «IQ Test Center» жобасы – Президентіміз айтқандай инновациялық бастама. Бұл – ұлттық мүддеге сай, әлемдік деңгейде мойындалатын интеллектуалдық бренд. Жоба сәтті жүзеге асса, Маңғыстау өңірі еліміздегі алғашқы ресми IQ орта­лы­ғы бар аймаққа айналады.

Әрине, әділдік тек ақыл-оймен өлшенбейтіні белгілі. Өйткені әділ болу үшін IQ жоғарылығы жеткіліксіз. Оған қоса жүрек таза­лығы, адамгершілік, еңбек­сүйгіштік, адалдық қажет. Әділдік – ақылдың ғана емес, ардың да өлшемі. Біз әркімнің мүмкіндігін дұрыс бағалап, адамдық қасиетті биік ұстасақ, сол кезде ғана әділдік орнайды. Ақылдыны арлы, арлыны әділ еткен қоғам – нағыз кемел қоғам. Ақылдың нұры мен ардың шырағы қатар жанғанда ғана қоғамда шын әділдік салтанат құрады.

Ақын Абай «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті» деп айқындаған «нұрлы ақыл» – ақыл­­дың ізгілікпен, әділетпен, армен үйлескен сипатын, «ыстық қайрат» – еңбексіз ойдың әлсіздігін, «жылы жүрек» – мейірім­­сіз ақылдың қатал­дығын, нұрлы ақыл ізгілікпен нұр­лан­баған қайраттың қауіптілігін көр­сетеді.

«IQ Test Center» идеясы да осы философия негізінде құрыл­ған. IQ арқылы ақыл-ой шамасын анықтау, EQ арқылы жылы жүректі бағалау, ал нұрлы ақыл­ды жасанды интеллектіге сүйен­ген кешенді бағалау мен ұлт­тық құндылыққа негізделген тест арқылы ашуға болады. Яғни Абай­дың «Үш қасиетін» қазіргі ғылым тілімен үйлестірсек, ол – IQ (ақыл), EQ (эмоция), SQ (рухани-адамгершілік өлшем).

Біз осы жоба арқылы елдің интеллектуалдық әлеуетін дамытуға, Президент ұсын­ған бағытты жүзеге асыруға үлес қосқымыз келеді.

Бақтыбай ЖАЙЛАУОВ,

Ш.Есенов университетінің аға оқытушысы

АҚТАУ