Көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауындағы басым бағыттардың бірі. Қазақстан Еуразияның жетекші транзиттік хабына айналуға қадам жасалып жатыр. Бұл бағытта Мемлекет басшысы автожолдарды жаңғырту, жаңа көлік дәліздерін салу, логистикалық орталықтарды жақсарту, сондай-ақ көлік үдерістерді оңтайландыру бойынша цифрлық шешімдер енгізуге қатысты негізгі тапсырмалар берді. Бүгінгі таңда Үкіметте еліміздегі экономикалық өсу мен халықаралық көлік желісіне ықпалдасуының негізін құрайтын бірқатар іс-шара қабылдап жатыр, деп жазады Egemen.kz.

Негізгі автожолдарды реконструкциялау жұмыстарын аяқтау және цифрландыру

2024 жылдың наурыз айында «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» Ұлттық құрылтай отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кемінде 12 мың шақырым автожолды реконструкциялау және жөндеуден өткізуді тапсырған болатын.

2024 жылдың қорытындысы бойынша қойылған міндеттерді орындау шеңберінде 12 мың шақырым жолға құрылыс, жөндеу және реконструкциялау жұмыстары жүргізілген. Оның 7 мың шақырымында негізгі жұмыстар аяқталған. Жобаға 10 мыңнан астам техника мен 25 мың маман қатысқан. Нәтижесінде, республикалық маңызы бар жолдардың қалыпты жағдайы 93%-ға, ал жергілікті жолдардың нормативтік жағдайы 89%-ға дейін жақсарды.

Негізгі басымдықтардың бірі стратегиялық маңызы бар төрт автомобиль жолын реконструкциялау жұмыстарын аяқтау болды:

«Қарағанды – Алматы» (885 км): төрт жолақты, заманауи тосқауыл қоршаулары және толық жарықтандыру арқылы бірінші техникалық санатқа дейін реконструкциялау жұмысы аяқталды. Жоба аясында 33 көпір, 48 өткел салынып, сондай-ақ 700 су өткізгіш құбыр орнатылды.

«Талдықорған – Өскемен» (768 км): жол I–II техникалық санатқа дейін қайта жаңартылды. Құрылыс барысында жаңа көпірлер, жол айрықтары мен су өткізу құрылыстары пайда болды, бұл Абай, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстары арасындағы қозғалыс қауіпсіздігі мен жайлылығын едәуір арттырды.

«Атырау – Астрахан» (212 км): Қазақстанды Ресей Федерациясымен байланыстыратын бұл маңызды көлік бағыты II санатқа жаңартылды. Жолдың барлық ұзындығына 6 көпір, 1 өтпе жол, 60 өткізу құрылысы және демалыс орындары салынды.

«Ақтөбе – Қандыағаш» (96 км): реконструкциялау жолдың төрт қозғалыс жолағымен I–II санатқа дейін жақсаруына әкелді. Жұмыс аясында 700 мың тоннаға жуық асфальт-бетон қоспасы төселіп, 10 көпір, 5 жол өтпесі және 3 жол айрығы салынды.

Биыл құрылыс-жөндеу жұмыстары 13 мың шақырымнан астам жолды қамтыған. Оның 7 мың шақырымында орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Жезқазған – Петропавл», «Мұқыр – Құлсары», «Орал – Атырау» және басқа да автожолдар қамтылды, «Орталық – Батыс» автожолының, сондай-ақ «Ақтөбе – Ұлғайсын», «Қарағанды – Жезқазған» учаскелерінің, Сарыағаш, Рудный және Шымкент айналма жолдарының құрылысы басталды. «Қалбатау – Майқапшағай» жолы аяқталады.

«Жүк көліктерінің шамадан тыс жүктемесін бақылау үшін 2025 жылдың аяғына дейін 220 автоматтандырылған өлшеу стансасы орнатылады. Цифрландыруға айрықша көңіл бөлінуде. Электронды билеттер, цифрлық диспетчер қызметі, алдын ала техникалық қызмет көрсету, интеллектуалды көлік жүйелері енгізіліп жатыр», деді көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров.