Ташкенттегі Орталық Азия халықаралық институтында Абай мұралары ұлықталды, деп хабарлайды 24kz.

Түркі елдерінен келген ғалымдар ұлы ойшылдың шығармаларына талдау жасап, өзге тілге аударылған туындыларын таныстырды. Жиында алыс-жақын шет елдердің дипломаттары да төбе көрсетіп, өз мемлекеттерінде Абай күнін атап өту бағдарламаларымен таныстырды.

Дулат Нуркин, тілші:

- Абай гуманист ақын. Ойшылдың шығармаларын өзге халық өзіне қаратып айтқандай қабылдайды. Абай сонысымен бәріне жақын, бәріне ортақ. Шетелдік ғалымдар ағартушының өлеңдерін жатқа оқып, әр сөзіне тоқталды. Абай философиясы әлі де өзекті екеніне таңданыс білдірді.

Саидмұхтар Саидқасымов, Орталық Азия халықаралық институты басшысының кеңесшісі:

- Біздің мемлекет басшымыз Шавкат Мирзиеев Абайдың қара сөздерін үнемі ерекше ықыласпен атап өтеді. Сондықтан болар Өзбекстанда Абай мұраларын насихаттауға арналған арнайы қаулы жұмыс істейді. Кемеңгер ойшылдың 180 жылдығы түркі елдерінде кеңінен аталап өтіп жатыр. Бұл Абай Құнанбайұлының әлемдік деңгейдегі тұлға екенін көрсетеді.

Абай шығармалары XX ғасырдың басында Орталық Азияда пайда болған саяси күштердің ұранына айналғаны жасырын емес. Мәселен Өзбекстандағы жәдитшілер ойшылдың білім мен еңбек, ғылымға шақыратын сөздерін халық арасында кеңінен қолданған.

Бахадүр Каримов, филология ғылымыдарының докторы, профессор:

- XX ғасырдың басында Өзбекстанда саяси күш болған жәдидшілер Махмұт Бехкуди мен Абдулла Аулонидың ұрандарынан Абай мұраларын көруге болады. Демек, сол кездегі «Алаш» партиясы мен жәдидшілер Абайдың жазғандарын үлгі еткен. Оның пікірлерін халық арасында насихаттап, ілімге шақырған.

Әділқазы Қайырбеков, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты:

- Абайды зерттеп жүрген басқа елдің ғалымдары Абайдың өлеңдерін жатқа оқып тұрды. Біз, әрине, бұған қуанамыз. Абайды тану үшін оның өлеңінен бастау керек. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп», - дейді. Бұл кез келгеннің ауызына түсетін сөз емес. Абай сияқты ұлылардың сөзі.

Абай мұралары мәңгілік. Бауырлас, көршілес мемлекеттердің дипломаттары өз елдерінде ұлы ойшылдың 180 жылдығы кеңінен аталып өтіп жатқанын айтты.

Авторы: Дулат Нуркин