Алматы қаласы активінің отырысында Ерболат Досаев қала тұрғындары мен мемлекет басшысына алғысын айтты, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
"Ең алдымен, туған қалама еліміздің ең қиын кезеңдерінің бірінде қызмет етуге сенім мен мүмкіндік бергені үшін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Бұл мен үшін ерекше мәртебе және үлкен жауапкершілік болды.
Алғашқы жұмыс күннен бастап осы жоғары сенімді ақтау үшін барлық білімім мен тәжірибемді салып, Алматыны тұрақты даму жолына шығаруға тырыстым. Өткен үш жылдан астам уақыт мен үшін күрделі сынақтар мен маңызды жетістіктерге толы кезең болды. Қаланың дамуына және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты өзгерістер уақытына айналды", — деді Досаев.
Оның айтуынша, басты міндет – алматылықтардың өмір сапасын жақсарту, Алматы экономикасын әртараптандыру болды.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен және тікелей қолдауымен Алматының болашақ дамуын айқындайтын 20-дан астам стратегиялық құжат қабылданған. Атап айтқанда, Алматы қаласының 2030 жылға дейінгі даму бағдарламасы, Алматының 2040 жылға дейінгі жаңа Бас жоспары, қаланың көлік каркасының Мастер-планы және т.б. маңызды құжаттар.
Соңғы 3 жылда қаланың бүкіл инженерлік инфраструктурасын ауқымды модернизациялау басталған. 540 км су құбыры және кәріз жүйелері жаңартылған, 75 км жаңа жол салынып, 650 км жол жөнделген.
Кейінгі үш жылда Алматы экономикасы 20 пайыздан астамға өсіп, 29 трлн теңгеден асқан. Ал Алматы бюджетінің кірісі 2022 жылдың басымен салыстырғанда 2,2 еседен астам өсіп, 2,5 трлн теңгеге жеткен.
Сондай-ақ 57 оқу орны салынып, жаңартылған (жалпы саны 2022 жылы 416 білім беру ұйымынан 434-ке жеткізілді), 12 денсаулық сақтау нысаны салынып, жаңғыртылған.
Үш жылдан астам уақыт ішінде 5 трлн теңгеден астам қаражат тартылған, қала экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесі алғаш рет 60 пайыздан асқан, Алматыдан ЕАЭО елдеріне дайын өнім экспорты 3 есеге өсіп, 2024 жылдың қорытындысы бойынша 2 млрд АҚШ долларынан асқан.
"Бұл нәтижелерге мемлекет басшысының, сіздердің, құрметті алматылықтардың тұрақты қолдауының және қаламыздың нағыз кәсіби мамандары мен патриоттарынан құралған біздің команданың жұмысының арқасында ғана қол жеткіздік.
Бүгін, осы мүмкіндікті пайдалана отырып, қиын-қыстау сәттерде белсенді атсалысып, қолдау көрсеткендеріңіз үшін сіздердің баршаңызға шын жүректен рақметімді айтқым келеді.
Мен өмір сүру сапасы жоғары және жайлы қалалық ортасы бар ең заманауи әрі дамыған мегаполис ретінде Алматының болашағына шын жүректен сенемін.
Алматы халықтың жүрегінен орын алған баршамыздың сүйікті қаламыз ғана емес, тәуелсіздігіміздің алтын бесігі", — деді Ерболат Досаев.