Алматыда Халықаралық жастар күніне арналған «Alma Love» жастар фестивалі аясында «JASTAR JOLY» атты квест ойындары ұйымдастырылды. Іс-шара Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен өтті.
Ойынға қатысуға 1000-нан астам қала жастары ниет білдірді. Іріктеу кезеңінің нәтижесінде 40-қа жуық команда жарысқа жолдама алды. Квест бес негізгі турдан тұрды. Қатысушылар Алматының саябақтарын аралап, ұйымдастырушылар дайындаған тапсырмаларды орындады, қала тарихы мен мәдениетіне қатысты викториналық сұрақтарға жауап берді, сондай-ақ түрлі ойындарға қатысты.
«Бұл квест мен үшін өте қызықты әрі пайдалы болды. Сұрақтар түрлі тақырыптарды қамтыды, кейбірі ойлануды, ал кейбірі жылдам шешім қабылдауды талап етті. Осы ойынның арқасында Алматы туралы көп жаңа мәлімет білдім, бұрын бармаған жерлерді көрдім. Сонымен қатар, командамен жұмыс істеудің маңызын сезіндім және жаңа достар таптым», – деді ойынға қатысқан қала тұрғыны Мақсат Сагдиев.
Төрт турды сүрінбей өткен үздік бес команда Арбатта өткен гранд-финалға жолдама алды. Қорытындысында жеңімпаз атанған командалар бағалы сыйлықтармен марапатталып, жаңа таныстар мен ұмытылмас әсерлерге ие болды.
Айта кетейік, Алматыда Халықаралық жастар күніне арналған онкүндік іс-шаралар легі 3 тамызда басталған. Фестиваль бағдарламасында экологиялық акциялар, спорттық турнирлер, Open Mic форматындағы концерттер және басқа да қызықты шаралар қарастырылған.
Фестивальдің салтанатты жабылуы 12 тамыз күні Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде өтеді. Қала тұрғындары мен қонақтарын қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін гала-концерт пен Алматының белсенді жастарын марапаттау рәсімі күтеді. Іс-шараға кіру тегін.