Ақ үйде АҚШ президенті Дональд Трамптың мұрындық болуымен Армения премьер-министрі Никол Пашинян мен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев тарихи бейбітшілік декларациясына қол қойды, деп хабарлайды 24kz.

Құжат Оңтүстік Кавказдағы ұзақ жылғы қақтығысты толық тоқтатуға бағытталған. Сондай-ақ қос мемлекет жаңа транзит дәлізін ашуға уағдаласты. Армения аумағы арқылы өтетін жол Әзербайжанның негізгі аумағын бөлек жатқан Нахчыванмен жалғайды.

Ердана Ержанұлы, тілші:

- Бүгін Ақ үйде тағы да қарбалас. Тариф дауын ысырып қойып, Дональд Трамп араағайын миссиясына қайта оралды. Бұл жолы Армения премьер министрі Никол Пашинян мен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев қонақ болмақ. Үш жақты кездесу аясында тараптар талай жылдық қақтығысқа біржолата нүкте қойып, Каспий мен Қара теңіз арасында бейбітшілік орнатқысы келеді.

Күн тал түстен ауған шақта Ақ үйдің ауласында салтанатты рәсім кейпі байқала бастады. АҚШ президенті әліппенің реті бойынша алдымен Армения премьер министрін қабылдап, кейіннен Әзербайжан президентін күтіп алды. Екі сағатқа жуық келіссөздер сәтті өтіп, қос тарап тарихи келісімге келді. АҚШ-пен де ақылдасып, ұпайларын түгендеді. Кейіннен ел алдына шығып, достық рәуіште қол алысты.

Ильхам Әлиев, Әзербайжан президенті:

- Бүгін президент Трамп Таулы Қарабақ қақтығысына байланысты 1992 жылдан бері АҚШ-тың Әзербайжанға қолданып келе жатқан шектеулерін алып тастады. Бұл – біздің еліміз үшін мақтаныш пен алғысқа толы тарихи күн. Енді Армения мен Әзербайжан батылдық пен жауапкершілік танытып, татуласады деп зор сеніммен айта аламын. Осы қадам арқылы біз қантөгісті артқа тастап, ұрпағымызға жарқын болашақ сыйлаймыз.

Никол Пашинян, Армения премьер-министрі:

- Армения мен Әзербайжан арасындағы түбегейлі бетбұрысқа дәнекер болған Президент Трамп пен оның командасына алғысымды білдіремін. Бүгін біз тарихи маңызы зор келісімге қол жеткіздік. Бұл – елдеріміз бен өңіріміз үшін, сондай-ақ бүкіл әлем үшін айтулы оқиға. Себебі бейбітшілік орнаған аймақ – тұрақтылық кепілі.

Жылы лебіз қос тараптың Дональд Трампты Бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығына ұсынамыз деген зор ықыласына ұласты. Тіпті даулы Зәңгезур дәлізіне АҚШ президентінің атын беріп, құрылысы аяқталғанда сол өңірге арнайы қонақ болуға шақырды. Бұл жол Армения арқылы Әзірбайжанды бөлек жатқан Нахчыванмен жалғайтын болады. Оның жүзеге асуына америкалық компаниялар да атсалыспақ. Ресей мен Иранның алаңдаушылығын тудырған бұл нысан да, көрсетілген құрмет те Ақ үй қожайынына көңілінен шыққандай.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

- 35 жыл бойы соғысқан Армения мен Әзербайжан бүгін бейбітшілік жолына қадам басты. Оларды Ақ үйде тарихи достық жиынында қарсы алу – мен үшін үлкен құрмет. Премьер-министр Пашинян мен президент Әлиевті осы жетістікпен құттықтаймын. Қол қойылған декларацияда «Халықаралық бейбітшілік пен өркендеу жолындағы «Трамп бағыты» деп аталатын транзит дәлізі де бар. Бұл жол Әзербайжан мен Нахчыванды жалғап қана қоймай, Арменияның егемендігін сақтай отырып жүзеге асатынын айтқым келеді.

Кездесу аясында тараптар экономикалық һәм энергетикалық әріптестік жөніндегі екіжақты келісімдерге қол қойды. Ақ үй бұл саммиттің аймақтағы тұрақтылық пен сауда жолдарын дамытуға зор ықпал ететінін атап өтті.

Авторы: Ердана Ержанұлы