Қызылорда облысында «Таза Қазақстан» экологиялық жобасы аясында жыл басынан бері 240 мыңнан астам ағаш көшеті егілді, деп хабарлайды 24kz.

23 мыңдай көше тазартылып, 8125 тоннадан астам тұрмыстық қалдық шығарылды. Бұл шараларға 190 мыңнан аса адам жұмылдырылды. Экологиялық жоба аясында Қазалы ауданында мәдени-демалыс кешені ашылды. Кешен аумағына 20 мыңға жуық ағаш егіліп, түрлі атракциондар орнатылған. Бұдан бөлек, Қазалы теміржол вокзалы мен аудан орталығындағы скверлер толық жаңартудан өтуде.

«Таза Қазақстан» жобасы өңірдің экологиялық ахуалын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға үлес қосып отыр», — дейді мамандар.

Мұрат Әбсұлтанов, Қазалы ауданы әкімінің орынбасары:

- Осы орталық алаң мен осы демалыс саябағында жұма, сенбі күндері осы жастарға, үлкендерге арналған концерттер болып, барлығы осы бос уақытын тиімді өткізуге. Сонымен қатар Жеңіс паркінде спортпен шұғылданатын жастарға футбол, баскетбол, тренажерлік алаңдар толық қамтылып салынды.