2019 жылы Қазақстанда Bek Air ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақ апаты бойынша тергеу қайта жанданады. Тергеу нәтижелері бойынша ұшқыштардың кінәсі анықталса, олардың туыстары зардап шеккендерге және қаза тапқандардың отбасыларына өтемақы төлеуге міндеттелуі мүмкін. Үкіметтегі брифинг барысында журналистер премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтан осы жайтқа қатысты пікір білдіруін сұрады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қанат Бозымбаев шешімді сот қабылдауы қажет екенін айтты.
"Мүмкін бұл ұшқыштардың да кінәсі емес шығар. Бұған тергеу нүкте қоюы керек. Көптеген адам қаза тапты. Bek Air-дің артында тұрған адамдар қаншалық ықпалды болса да, әділдік орнауы керек, адамдар туыстарының қазасы үшін өтемақы алуы керек", — деп жауап берді вице-премьер.
t.me/KZgovernment
Ұшақ апаты туралы не белгілі?
Bek Air әуекомпаниясының ұшағы 2019 жылы 27 желтоқсанда апатқа ұшыраған болатын. Ұшақ Алматыдан Нұр-Сұлтанға (сол кездегі атауы — еск.) бағыт алған еді, бірақ әуеге көтерілгеннен кейін бірден биіктікті жоғалтқан. Кейін қоршауды бұзып өтіп, әуежай маңындағы екі қабатты ғимаратқа соғылған болатын. Бортта 93 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болды. Апат салдарынан 12 адам қаза тапты.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз