Белгілі блогер Нагимушаның Астана маңындағы арманы – өз қолымен жайлы үй салуы нағыз дауға ұласты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Тұрмысқа шыққаннан кейін блогер бас қала іргесінен жер сатып алып, арманындағы үйін тұрғызуға кіріскен. Ол құрылыс компаниясына 5 миллион теңгеден астам қаржы, тіпті көлігін сатып түскен ақшасын да берді. Бірақ уәде етілген жұмыс мүлде басқаша болып шықты.
Нагимушаның айтуынша, жұмысшылар бірнеше рет байланысқа шықпай, құрылыс материалдарын бүлдіріп, мерзімдерді бұзған.
«Өздерін кінәсіздей ұстап, ешқандай жауапкершілік алмады» – дейді ол.
Арман болған үй жарты жолда қалып, блогер амалсыз сотқа жүгінген. Бұл күрес 7 айға созылды.
«Мен бәрін заңды жолмен шешкім келді. Бірақ жүйке, уақыт, ақша – бәрі кетті» – деп бөлісті Нагимуша.
Сот үкімі жақында шықты. Блогер бұл жағдайды өзінің әлеуметтік желісінде ашық айтып, мыңдаған оқырманының назарын аударды.