Жақында ғана Алатаудың арғы бетіндегі айыр қалпақты ағайын арасына барған әлемге танымал Димаш Құдайберген Қырғызстанның халық әртісі атағын алып, мерейі өсіп қайтқаны белгілі.

Онда халықаралық музыка фес­ти­валі ұйымдастырылса, осы жолы Қырғызстанда дәстүрлі мә­дениет пен музыкаға арнал­ған ал­ғаш­қы «Рух-санаты» дүниежүзілік фестиваль бай­қ­ауында ел мерейі тағы да үстем шықты.

Дәстүрлі өнер саласындағы ірі халық­аралық фестивальға 37 елден келген жүз­ден астам орындаушы қатысты. Қазы­лар алқасының құрамында түрлі елдерден келген танымал музыка зерттеушілері, этнографтар мен өнер шеберлері болды. Олар қатысушылар орындаған шы­ғармалардың түпнұсқасы сақталуын, дәстүрлі музыкалық аспаптарды меңгеру деңгейін және ұлттық мәдени дәстүрлер­дің сақталуын бағалады.

Қазақстан атынан фестивальға К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Салтанат Ерсұлтан қатысты. Салтанат «Дәстүрлі ән» бағыты бойынша 3-курста оқиды.

Байқау барысында Салтанат Асан қай­ғының толғауын, Нартайдың термесін және Елмұра Жаңабергеннің «Аралым» атты шығармасын орындады. Өнерпаз қылқобызда жыр-терме орындап, қазы­лар алқасын тәнті етті. Осылайша, ол жеке орындаушылар арасында бірінші орынды иеленді.

Дәстүрлі мәдениет пен музыканы сақтау және дамыту – ұлттық мұраны келер ұрпаққа насихаттаудың бірегей жолы. Мұндай жас дарындардың жетістігі жаңа буынға шабыт сыйлап, халықаралық мәдени байланыстарды нығайта түсері сөзсіз.