Бүгін – медиация күні. 2011 жылы елімізде арнайы заң қабылданып, дау-жанжалдарды сотқа жеткізбей, өркениетті жолмен тиімді шешуге мүмкіндік беретін ерекше құрылым пайда болды. Қазір республика бойынша 2 мыңнан астам кәсіби медиатор қызмет көрсетеді. 23 арнайы ұйым тіркелген. Мамандар тек осы жылы әлеуметтік осал топтарға 10 мыңнан аса тегін қызмет көрсетті.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Тек Ақтөбе облысында 200-ден астам кәсіби медиатор жұмыс істейді. Бұдан бөлек, ақысыз негізде қызмет көрсететін 500-ден аса маман бар. Олардың нәтижелі жұмысының арқасында тұрмыстық дау-жанжалдардың тоқсан пайыздан астамы сотқа жетпей шешімін тауып жатыр.
Медиация қызметінің Ақтөбе өңірінде дамуына ерекше үлес қосқан жанның бірі – Светлана Балпейісова. Ол алғашқы күннен бастап шәкірт тәрбиелеп, ондаған маман дайындады. Өзі күн сайын түрлі проблемамен келетін отбасылы жандардың ортақ шешімге келуіне көмектеседі.
Светлана Балпейісова, медиатор, заң ғылымдарының докторы:
Биыл аз дегенде 500 отбасының сұрақтарын, шаруаларын шешіп бердім. Оның ішінде сұрақтар, консультациялар және шарттар да бар. Мың медиаторды өз қолымнан өткіздім. Басқа облыстардан тренерлерді, жаттықтырушыларды шақырып, оларды оқытып жіберген адаммын.
Кәсіби медиаторларға жүгінетін жандар негізінен тұрмыстық жанжалдар мен отбасылық мәселелерді шешіп беруді сұрайды. Соңғы кездері алаяққа алданғандар ақыл сұрап жиі келетін болған. Білікті маманнан кеңес алғандардың көбінің шаруасы оң шешіледі.
Тамара Кондратьева, қала тұрғыны:
Шаруамыз шешілді. Медиатордың жұмысына ризамын. Мұнда мұрагерлік мәселесі бойынша келіп едік. Бастысы – отбасымның татулығы бұзылмағанына қуаныштымын.
14 жыл бұрын қабылданған медиация туралы заңның арқасында азаматтық, еңбек және отбасылық дауларды, жеңіл және орташа ауырлықтағы қылмыстық істерді сотқа жеткізбей шешу тетіктері енгізілді. Медиатор-мәмілегерлердің мақсаты – үкім шығару емес, екі жаққа да тиімді жолды көрсету. Республика бойынша қазір 98 медиация кабинеті жұмыс істейді.
Жанар Үсіпбекова, «Халықаралық кәсіби медиаторлар және заңгерлер институты» республикалық ҚБ төрайымы:
Татуласудың үш түрі – соттық медиация, жай медиация және партисипативті медиация. Бүгінгі таңда 60–70 пайызы осы медиация арқылы шешіліп жатыр. Сотқа түсіп жатқан арыздар осы медиация арқылы шешіледі.
Еліміздегі медиация жүйесі әлі де жетілдірілу үстінде. Қоғамдық медиаторлардың да жұмысы жанданып келеді. Қазір өңірлерде 1800-ден астам маман халыққа құқықтық қызмет көрсетіп отыр.
Жақсыбек Кемал