Екі ел Еуразия кеңістігінде стратегиялық инвесторлық серіктестікті нығайта түсуде.

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияға ресми сапары аясында жалпы құны 490 миллион долларынан асатын инвестициялық келісімдерге қол жеткізді. “Kazakh Invest” компаниясының хабарлауынша, жаңа жобалар агроөңдеу, фармацевтика және логистика салаларын қамтиды.

Ең ірі жобалардың бірі-дәнді дақылдарды терең өңдейтін агроөнеркәсіптік кешеннің құрылысы. Жоба аясында жылына 250 мың тонна бидай мен 80 мың тонна бұршақты дақыл өңделмек. Инвестиция көлемі — 320 млн доллар. Осылайша, құны жоғары, экспортқа бағытталған өндіріс құруды көздейтін бастама іске асады.

Сондай-ақ, Шымкент, Астана және Алматы қалаларында үш логистикалық хаб салу жөнінде меморандумға қол қойылды. Жобаларға салынатын жалпы инвестиция — 75 млн доллар. Аталмыш орталықтар ішкі және халықаралық сауда инфрақұрылымын нығайтып, Қазақстанның Еуразиядағы транзиттік хабқа айналу стратегиясына үлес қоспақ.

Бұдан бөлек, «Қазпошта» АҚ пен түркиялық S Sistem Yatirim Lojistik компаниясы Ақтөбе қаласында бірлескен кәсіпорын құру жөнінде келісімге келді. Аэропорт аумағында құны 25 млн доллар болатын көпфункциялы логистикалық орталық салынады.

Түркістан облысында Orzax Group компаниясы биологиялық белсенді қоспалар (ББҚ) өндіретін зауыт салуды жоспарлап отыр. Кәсіпорын жылына 464 миллионнан астам өнім шығармақ. Инвестиция көлемі — 70 млн доллар.

Қол қойылған келісімдер Қазақстан мен Түркия арасындағы экономикалық әріптестіктің қарқынды дамып келе жатқанын және жоғары технологиялық, инновациялық салаларға бағытталғанын көрсетеді.