Бауырлас елге көмек. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Түркиядағы жер сілкінісі болған Газиантеп провинциясында былтыр желтоқсанда жаңа мектеп құрылысы басталды.
Білім беру ошағы келесі жылы пайдалануға беріледі. Бұл қазақ халқының атынан тарту болмақ.
Бұл жайында Президенттің Түркияға жасаған ресми сапары барысында белгілі болды. Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия басшысы Реджеп Тайип Ердоғанмен екі жақты келіссөз жүргізіп, сауда-саттық, экономика, мәдени салалардағы байланыстарды дамыту жайын талқылады. Кездесуде Президент Түркия нарығына кемінде 34 түрлі өнім жеткізуге дайын екенін мәлімдеді.
Куллие. Анкарадағы Президент резиденциясы. Аумағы жағынан АҚШ-тағы Ақ үйден 30 есе үлкен. Ғимарат дизайны – осман сәулеті мен қазіргі заманғы минимализмнің тоғысы. Әлемдегі алып резиденцияда бүгін Түркия басшысы ресми сапармен келген Қазақстан Президентін бар сән-салтанатымен қарсы алды. Мемлекет басшысының кортежін атты әскер бастап келді. Алаңда ежелгі батырлар бейнесіндегі сардарлап сап түзеп, мәртебелі мейманға ерекше құрмет көрсетілді.
Салтанатты рәсімнен соң тараптар делегация өкілдерімен қол алысып, шағын құрамда келіссөз жүргізуге аттанды.
Риат Шони, тілші:
- Қазақстан мен Түркия — түбі бір түркі халықтарының қос шаңырағы. Екі ел арасындағы достық алтын арқаудай үзілмей, жыл өткен сайын жаңа мазмұнмен толығып келеді. Тарихи тамырластық, ортақ тіл мен мәдениет бұл қарым-қатынасты ерекше рухпен байыта түседі. Түркия – Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш мойындаған ел, ал Қазақстан Түркияны бауыр, стратегиялық серіктес ретінде жоғары бағалайды. Бауырластыққа негізделген осы серіктестік алдағы уақытта да биік белестерге жетері анық.
Бауырлас қос ел арасындағы ынтымақтастық тарихтың тереңінен бастау алып, бүгінде сан салада қарқынды дамып жатыр. Айта кету керек, былтыр екі ел арасындағы өзара сауда айналымы 5 миллиард доллар болған.
Бұл көрсеткішті еселеуге мүмкіндік жетеді. Екі жақты келіссөз жүргізу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз Түркия нарығына кемінде 34 түрлі өнім экспорттауға дайын екенін мәлімдеді. Оның көлемі 1 миллиард долларға жуықтайды. Түркиядан келетін тауар түрлерін де арттыра түсу маңызды.
Бұл жайында Президент Қазақстан -Түркия Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 5-отырысында айтты.
Сонымен қатар мемлекет басшысы кеңес барысында Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін қолға алынған реформалар шетелдік кәсіпкерлерге жол ашатынын жеткізді.
Түркия аумағында Қазақстанға құрмет ретінде орнатылған 16 ескерткіш пен 12 саябақ, 18 көше мен 10 мәдениет үйі бар. Бұл қос халық арасындағы рухани жақындықтың көрінісі. Бұған қоса, түрік жеріндегі 4 мектеп қазақстандық білім мен мәдениеттің қанат жаюына жол ашып отыр. Осы ретте екі елдің білім бағытындағы әріптестіктің тамыры әріде жатқанын атап өту керек. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Түркияның жер сілкінісі болған Газиантеп провинциясында былтыр желтоқсанда жаңа мектептің қадасы қағылды. Білім беру ошағы келер жылы пайдалануға беріледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Білім және ғылым саласының орны ерекше деп санаймыз. Қазіргі таңда біздің 12 мыңнан астам студентіміз Түркияда, ал 300 түрік студенті Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алып жатыр.
Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің жанынан Түркияның озық білім ошақтарының бірі – Гази университетінің филиалы ашылмақ. Бұдан бөлек «Маариф» қорының екі мектебін ашу жұмысын қолға алдық. Бұл шын мәнінде айтулы оқиға. Былтыр қол қойылған келісімге сәйкес, Астана медицина университетінің негізінде Medipol Istanbul жоғары оқу орнының филиалын ашу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Бауырлас елдер географиялық тұрғыда ұтымды орналасқан. Президент мұны барынша тиімді пайдалануға шақырды. Яғни көлік-логистика саласын бірлесе дамыту қажет.
Қазір елімізде 4 мыңға жуық түрік компаниясы жұмыс істеп жатыр. Олармен ұзақ мерзімге арналған ірі жобаларды жүзеге асыруға барлық жағдай жасалған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазір Еуропа мен Қытай арасында құрлық жолымен тасымалданатын жүктің шамамен 85 пайызы Қазақстан арқылы өтеді. Осы ретте Транскаспий халықаралық көлік бағдарын, яғни, «Орта дәлізді» дамытудың мән-маңызы зор. Бұл – екі елдің мүддесіне сай келетін бастама. Қазақстан теміржолды жаңғырту, автокөлік жолдарын салу, сондай-ақ Каспий теңізінде кеме қатынасын жандандыру үшін инфрақұрылымды жетілдіру жұмысын қолға алды. Түрік инвесторларын осы жобаларға белсене қатысуға шақырамыз. Үкіметіміз Түркия кәсіпкерлеріне арнайы жеңілдіктер ұсынуға әзір.
Энергетика саласы да назардан тыс қалмады. Бүгінде қазақ мұнайының 1,4 миллион тоннасы жыл сайын Баку – Тбилиси – Жейхан құбыры арқылы Түркияға тасымалданады. Президент бұл көлемді арттыруға болатын мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- «Turkiye Petroleum» компаниясының Қазақстан нарығында жұмыс істеуге ниеті бар. Біз мұны құптаймыз. Энергия көздерін әртараптандыру, жаңа электр станцияларын салу және басқа жобаларды жүзеге асыру үшін түрік компанияларының тәжірибесіне сүйеніп, инвестициялық мүмкіндіктерін пайдалануға мүдделіміз. Ірі жобаларды бірлесе жүзеге асыруға дайынбыз.
Бұдан бөлек екі ел президенттері жаһандағы өзекті мәселелерге қатысты ой бөлісті. Қарулы қақтығыстардың ушығуына алаңдаушылық білдірді. Тараптар бұндай жанжалдар тек дипломатиялық келіссөздер арқылы бейбіт жолмен шешілуі қажет деді. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Реджеп Тайип Ердоғанның Ресей мен Украина арасындағы кикілжіңді реттеуде айрықша ролін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл Сіздің беделіңіз бен ықпалыңыздың айқын дәлелі. Қос елдің Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау қажеттілігі жөніндегі ұстанымы – ортақ. Қазақстан әрбір елдің аумақтық тұтастығы сақталуы керек деген ұстанымды қорғайды. Қазақстан мен Түркия халықаралық аренадағы тиімді ықпалдастығын жалғастыра береді. Қазақстан дипломатиясы Түркі мемлекеттері Ұйымының одан әрі дамуына баса мән бермекші. Осы бағытта Түркия тарапымен бірлесіп жұмыс істей береміз. Жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін күш-жігерімізді біріктіреміз. Осы тұста Қазақстанның халықаралық бастамаларына көрсетіп жатқан қолдауына, соның ішінде Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі Кеңесті дамытудағы Түркияның үлесіне ерекше ризашылық білдіремін.
Өз кезегінде Түркия президенті бүгінгі келіссөздің нәтижелі болғанына тоқталып, Қазақстанды аймақтағы экономикасы ең ірі және негізгі серіктесіміз деп бағалады.
Реджеп Тайип Ердоған, Түркия Президенті:
- Бүгін біз қорғаныс пен энергетикадан бастап, көлік, ғылым мен технологияға дейінгі кең ауқымды салалар бойынша пікір алмастық. Біз тау-кен, сирек кездесетін металдар бағытындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастырдық. Қазақстан мұнайын Түркия арқылы әлемдік нарыққа экспорттау мүмкіндіктерін талқыладық. Тарихи Жібек жолының қазіргі баламасы – Транскаспий көлік бағдарын пайдалану және дамыту жолдарын қарастырдық.
Президенттің бүгінгі сапары барысында Қазақстан мен Түркия бауырластық байланыстарын жаңа деңгейге көтеретін 18 құжатқа қол қойды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Реджеп Тайип Ердоған Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің бесінші отырысын қорытындылап, бірлескен декларация мен арнайы шешім қабылдады. Кездесу соңында мемлекет басшысы қонақжайлық танытып, нәтижелі келіссөз жүргізгені үшін Реджеп Тайип Ердоғанға алғыс айтып, Түркия Президентін қалаған уақытта Қазақстанға сапармен келуге шақырды.
Риат Шони, Асхат Қарақойшиев, Бахытбек Нұртаев