Арқалықтағы ескі әуежай ғимаратын сүру жұмыстары аяқталуға жақын.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, оның орнына жаңа әуежай кешені салынады. Құрылыс алаңына су құбыры мен электр желісі тартылып жатыр. Болжам бойынша жоба 9 жарым миллиард теңгеге бағаланған.
Арқалықтағы әуежай кешені 30 жыл бойы пайдаланылмаған. Демек инженерлік инфрақұрылымы әбден тозғаны айтпаса да түсінікті. Оны жаңарту үшін жобалы-сметалық құжаттама сараптамадан өтіп жатыр. Әзірге әуе қақпасының ескі ғимараты сүріліп, инженерлік желілер тарту жұмыстары басталды.
Өміржан Әбдібеков, Арқалық қаласы құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының м. а:
- Су және электр тоғын тарту бойынша Үкіметтен 301,6 млн сома бөлінді. Жоба бойынша бізде 6,9 шақырым су құбырын тарту және 2,2 шақырым электр желісін тарту көзделген. Қазіргі таңда 3 шақырымнан астам су құбыры тартылды. Алдағы 2 айдың ішінде осы жұмыс аяқталады деп жоспарлануда.
Жаңа әуежайдың игілігін Арқалық тұрғындарынан бөлек көрші аудандағылар да көреді. Шамамен 120 мыңнан аса адам ұшақпен қатынауға мүмкіндік алады.
Әмірхан Асанов, Арқалық қаласының әкімі:
- Астана-Арқалық, Арқалық-Қостанай және Алматы бағыттарында рейс ашу жоспарланған. Қостанай-Арқалық бағыты облыс бюджетінен қаржыландырылса, Астана мен Алматы бағытындағы рейстерді субсидиялау республикалық бюджет есебінен шешіледі деген ойдамыз.
Арқалық әуежайының ашылуын жергілікті университет студенттері де асыға күтіп жүр. Себебі өңірге оңтүстіктен «Серпін» бағдарламасымен жыл сайын жүздеген талапкер білім алуға келеді.
Жанар Мұратбекова, Ы. Алтынсарин атындағы университеттің әдіскері:
- Бұл жаңалыққа өте қатты қуаныштымыз. Бұл тек қана қаланың дамуына ғана емес, университеттің студенттерінің санының көбеюіне үлкен үлес қосады деп білеміз. Ол студенттер көбінесе сырттан келгендіктен оларға ауыр тиеді. Екі күн, үш күн қатарынан жүреді. Сондықтан студенттеріміз бұл жаңалыққа өте қатты қуанышты.
Жоба бойынша Арқалық әуежай кешенінде жолаушылар терминалы салынып, ұшу-қону жолағы жаңартылады. Перрон жөнделеді. Бұған шамамен 9 млрд-тан атсам теңге жұмсалады.
Асланбек Шығыр, Наталья Строкова, Сергей Трахтенберг, Сергей Хаймин